Саясат
Қос елдің басшысы қандай келіссөздер жүргізеді?
2019 жылдың маусымында мемлекет басшысы ұлықтау рәсімінен кейін алғашқы шетелдік сапарын Қырғызстан астанасы – Бішкекке жасаған болатын. Ол жерде Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммиті өткен еді. Сол кезде Қырғызстан басшысы Жээнбеков Тоқаевты күзде мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
Қырғыз тарапының мәліметіне сәйкес, Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапар аясында Жеңіс алаңына немесе "Ата-Бейит" мемориалды кешеніне гүл шоқтарын қояды.
Мемлекет басшылары шағын және кеңейтілген құрамда стратегиялық әріптестік жағдайы мен даму перспективаларын қарастырады.
Кездесу нәтижесінде бірқатар екіжақты құжатқа қол қою жоспарланып отыр. Олардың қатарында президенттердің бірлескен декларациясы мен жоғарғы мемлекеттік кеңес шешімі бар.
Бұған қоса, Қазақстан мен Қырғызстан арасында 2020-2022 жылдарға арналған ынтымақтастық жөніндегі кешенді бағдарлама мен басқа да үкіметаралық, ведомствоаралық келісімдер бекітіледі.
Тоқаев Қырғызстанда екі күн болады. Бейсенбі, 28 қарашада Бішкекте Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы өтеді.
Күн тәртібінде Ұйым аясындағы өзекті мәселелер қаралып, ҰҚШҰ-дың биылғы жылғы жұмысы қорытындыланады.
Сооронбай Жээнбеков елімізге ресми сапармен 2017 жылдың желтоқсанында келді. Ол сол кезде Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен еді.