Экономика

Биыл не қымбаттады, ендігі жылы ше?

Тұрғындар белшесінен қарызға батқан

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жаңа жылдан бастап жанармай бағасы 6%-ға, яғни шамамен 10 теңгеге қымбаттамақ. Кезекті «қымбатшылық актісін» әлеуметтік төлемдердің көбеюімен байланыстырған экономика министрі Руслан Дәленов бағаның өсуін азық-түлік нарығына еш әсер етпейтініне сендіріп бақты.

Қарашада Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев  жыл басынан бері азық-түлік бағасының 10%-ға  қымбаттауы («Ет бағасы 13,5%-ға, нан-тоқаш өнімдері мен жарма 12,7%-ға шарықтағанын») инфляцияға кері әсерін тигізіп жатыр деген болатын. Өткен апатада үкімет басшысы Асқар Мамин вице-премьер Роман Склярға бағаны бақылауынан шығарып алған ауыл шаруашылығы, ұлттық экономика, сауда және интергация  министрлерін және Шымкент, Қызылорда, Түркістан, Алматы, Көкшетау, Петропавл, Ақтөбе, Тараз, Жамбыл өңірлері әкімдерінің орынбасарларын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырған еді.

Халықаралық Moody’s агенттігі қазірдің өзінде халықтың қарызы айлық табысынан екі есе көбейгенін, нақтырақ айтқанда 6 миллионға жуық отандасымыздың банк алдында өтелмеген жалпы сомасы 7 триллион теңге берешегі барын жариялады.

«Әсіресе, Алматы қаласы мен ел астанасының, Қарағанды облысының тұрғындары кепілсіз тұтынушылық несиеге белшесінен батқан. Ертеде бір ділмар айтқан деседі «ит-мысығы тоқ елдің, күйіне уайым жоқ» деп.  Біз де соның тысын ішіне қарай өңгеріп «ломбарды мен кредиттік ұйымы көп елдің, күйі мен күнінде жылу жоқ» дегіміз келеді», – дейді экономист Айтуған Нәрікби.

Биыл Табиғи монополияларды реттеу комитеті былтыр қаңтар-шілде аралығында 5,5%-ға қымбаттаған электр энергиясының құны желтоқсаннан бастап тағы 6%-ға өсетінін мәлімдеді. Сонымен қатар үкімет күнделікті тұтынуға қажет тауарлар мен азық-түлік өнімдері орта есеппен 9%-ға қымбаттағанын растап, «бұған өндірістің жоқтығы, алыпсатарлардың көптігі себеп»  екенін айтқан.

Президент Тоқаевтың жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша «Конституция бойынша біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан мемлекетіміз азаматтар алдындағы міндеттерін орындауы тиіс» деп қатаң ескертпе жасаған еді.

Кеше «Astana Best Consulting Group» экономисі Арман Байғанов алдағы жылы доллар бағамы төл валютамызға шаққанда 400 теңгеге дейін өсетінін болжады.