Weekend
Шымкент қаласындағы театрлар
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Жұмат Шанин атындағы қалалық академиялық қазақ драма театры.
Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры – қазақ театр өнерінің қара шаңырақтарының бірі. Аталмыш театр 1934 жылы құрылған. 1972 жылы театрға тұңғыш режиссер, драматург, қоғам қайраткері Жұмат Шаниннің есімі берілді. Мәдениет орны жаңа ғимаратқа 2014 жылы көшіріліп, оның салтанатты ашылуына Елбасы Н.Назарбаев қатысты. Ал 2015 жылы бұл театр "Академиялық театр" мәртебесін иеленді. Театр репертуарында әлемдік және қазақ классикалары, тарихи, бүгінгі күннің өзекті тақырыптарын арқау еткен шығармалар берік орын алған. Қазіргі таңда тетарда: 2 – ҚР еңбек сіңірген әртісі, 1 – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, 1 – "Парасат" орденінің иегері, 1 – "Құрмет" орденінің иегері, 9 – "ҚР мәдениет қайраткері", 8 – "ҚР мәдениет саласының үздігі", 1 – "Серпер" Жастар сыйлығының иегері қызмет етеді.
Театрдың директоры: Қарғабаев Қайрат Жайлауұлы, көркемдік жетекші: Ахметов Тимур Нұралыұлы, директордың орынбасарлары: Үсіпахметов Назарбек Нышанбекұлы, Ергешов Марат Еркінұлы.
Театр репертуарында: Келіндер көтерілісі, Әйел сыры, Әпке, Гамлет, Көшкін, Бақ іздеген бейбақтар, Көбелектер, Біра түп алма ағашы, Абылай ханның арманы атты қойылымдар бар.
Биыл театрдың құрылғанына 85 жыл.
Қалалық орыс драма театры.
Театр 1929 жылы ашылған. Театрдың репертуарында бүгінгі таңда орыс, шетел, классика және заманауи бағыттағы 70-тен астам қойылым бар.
Соңғы уақытта қазақ драматургтерінің туындыларын орыс тілінде қоюға басымдық беріп жүр.
Мұхтар Әуезовтің "Көксерек" спектаклі маусым сайын көрсетіліп, әлі күнге дейін өзектілін жоғалтпады. Театр өзінің 81-маусымын Қайрат Сапарбаевтың "Анелия патшаны сүйеді" атты спектаклінің тұсаукесерімен аяқтады.
Биыл театрдың 90 жылдық мерейтойы. Қарашаның 25-жұлдызында мерейтойға орай арнайы іс-шара ұйымдастырылды. Бұл іс-шараға арнайы Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов келіп, ұжымды ыстық лебізімен құттықтады.
"Орыс драма театрының театр өнерінде алатын орны ерекше. Шымкент қаласы келесі жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы атанбақ. Сіздерді алда болатын маңызды іс-шараларда белсенділік танытып, қарқынды атсалысуға шақырамын. Халық мәдениетін көтеруде сіңіріп жатқан еңбектеріңіз орасан зор. Келер жыл - жауапты жыл. Сол себепті де бұдан да артық жұмыс істеуіміз қажет", - деді Ерлан Қуанышұлы.
Облыстық әзіл-сықақ және сатира театры.
Еліміздегі жас өнер ордаларының бірі - Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры. Бұл театр 2008 жылы 4 сәуірде құрылды. Театр ең алғаш С.Жүнісовтің "Қысылғаннан қыз болдық" пьесасының желісімен жазылған У.Әбдірайымовтың "Ауылым – әнім" музыкалық қойылымын көрерменге ұсынды.
Әзіл-сықақ және сатира театрына Қайрат Қарғабаев басшылық етеді. Ал көркемдік жетекшісі - Мақсат Айтжанов.
Театрға бұрынғы "Шымкент" кинотеатрының ғимараты 2011 жылдың қараша айында берілді. Мұнда жалпы саны 86 адамнан тұратын топ жұмыс істейді. Оның ішінде шығармашылық салада 36 адам қызмет етеді.
Одан бөлек мұнда О.Қалыбекова, С.Алтаев, Ғ.Қалыбаев, Ұ.Базарбаева, Н.Байысбек, Н.Зеренбаев, С.Биғабылов сынды тәжірибелі әртістер жұмыс істейді. Сонымен қатар көптеген жас таланттарды да театр ұжымынан көре аласыз.
Қалалық қуыршақ театры.
Театр 1983 жылы құрылған. Қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры жылына 450-ден астам қойылым қойып, оны 40 мыңнан астам көрермен тамашалаған. Сонымен қатар 36 жылдық тарихы бар өнер ордасы тұңғыш рет жастарға Шығыстың шайыры Низамидің "Ләйлі-Мәжнүн" драмасын сахналады. Қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының директоры - Бахтияр Спанов.
Бүгінде театр репертуарында қазақ және орыс тілдерінде отандық және шетелдік драматургтардың 120-дан астам қойылымы бар. Театр осы уақытқа дейін балабақша, бастауыш сынып балаларына ғана қойылым қойып келді.
Шымкент қаласы қуыршақ және жасөспірімдер тетарының қойылымдары халықаралық фестивалдерде оң бағасын алған. Ұжым бірқатар байқауларда озып шығып, "Үздік әртіс", "Ең үздік режиссер", "Жылдың ең үздік мәдениет және өнер мекемесі", "Сала үздігі- 2015", "Ең үздік актерлік жұмыс" номинацияларын жеңіп алған.
Қалалық өзбек драма театры.
Өзбек драма театры 2003 жылдың 14 наурызында құрылды. Театр директоры – Икрам Хашимжанов, ал режиссері Қуандық Қасымов болды.
Бүгінгі таңда көпұлтты мемлекетімізде қазақ театрларымен қатар орыс, ұйғыр, корей, неміс және өзбек театрлары жұмыс істеп келеді. Аталмыш театр Шымкент қаласы Сайрам ауылында шаңырақ көтерді. Бұл жаңалық Қазақстанда өмір сүріп жатқан өзбек ұлтының өкілдері үшін елеулі оқиға ретінде танылды. Театрдың ашылу салтанатына ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Елбасы ұжымға шығармашылық табыс тіледі.
Қазіргі кезде театр сахнасында отандық туындылардан бөлек, шетелдік классиканың үздік шығармалары қойылып жүр. Бүгінгі таңда театр репертуарында: "Темір қатын", "Сиқырлы алмалар", "Қашан таң атады", "Кураж ана", "Келіндер көтерілісі", "Күшік күйеу", "Қырмызы алма", "Инабатты келіншек", "Улы тамшылар", "Өмір соңындағы бақыт", "Үйлену", "Зордан зор шықса" және т.б. қойылымдар бар.
Театр труппасының құрылғанына аз уақыт болды. Алайда олар көптеген классикалық туындыларды сахналап үлгерді. Сондай-ақ, театр Алматы, Астана, Түркістан, Тараз, Қызылорда, Көкшетеу қалаларында гастрольдік сапармен болды.
Қазіргі таңда тетар штатында 53 адам жұмыс жасайды. Шығармашылық қызметкерлер саны – 30. Оның 17-сі - әртістер. Театр бүгінгі күнге дейін дүниежүзілік, классикалық шығармалар мен қатар заманауи қойылымдарды жоғары деңгейде сахналап келеді.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61