Weekend

Ұлт намысын оятқан

Әлібек Асқаров

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жалпы, қазақ зиялысының басым бөлігі тәуелсіздікке жаңара бастаған тарихи санамен келді десек, артық айтқандық болмас. Өйткені оған дейінгі "қайта құру" деп аталған, бес-алты жыл бойы қоғамды сілкілеген өзгерістер елге жариялылықты әкеліп, демократия дегеннің өзін болмаса да иісін сездіргені шындық. 

Осы жылдары тарихи сананы төңкерген көптеген "ақтаңдақтар" ашылды. Желтоқсанның ызғарынан селт етіп оянған қазақ зиялысы үшін бұл "жариялылық жылдары" айрықша жемісті болды. Қазақ өзінің кім екенін іздеп талпынып, төл тарихына шым-шымдап бойлай бастады. Осы үлкен үрдістерді елден ерек түсінгеннің бірі Тілеухан болатын.

Жалпы ой-өрісі озық, қоғамдағы құбылыстарға шынайы баға беріп, ұлт мүддесін мақсат еткен парасат иелері қай заманда да болған ғой. Өкініштісі сол, сүттің бетіндегі қаймақтай болған әлгіндей тұлғаларды тоталитарлық билік мезгіл-мезгіл қалқып тастап отырды.

Сонау қылышынан қан тамған коммунистік қоғамның өзінде осындай үркердей бір топтың ішінде тәрбие көрген жанның бірі мына мен едім. Кейінгіге үлгі болсын, Назерке, саған соның шет жағасын сөз етейін.

Баяғыда, ол кез кеңестер дәуірі-тін, "Білім мен еңбек" журналының редакциясында он бір жыл қызмет жасағаным бар. Желкөкірек жеткіншек болып келіп, өмірге сабырлы көзқарасы бар, жиған-терген тәжірибесі бар, қалыптасқан кәдімгі азамат болып аттандық.

Журнал редакциясының уыздай ұйыған шағын ұжымы бар еді. Осы он бір жылда журналдың төрт бастығымен, яғни бас редактормен қызметтес болдық.Соның әрбірі басылымды өз өресі деңгейінде көтере білді, журнал тарихында өзіндік қолтаңба қалтырды. Алайда мен қызметтес болған сол төрт бастықтың ішінен Ақселеу Сейдімбеков ағамызды бөле-жара атар едім. Ол кісінің редакторлық еткен жылдары қазақ журналистикасының өресі биіктеп, қоғамдық танымы кеңейген кезеңі сияқты көрінеді де тұрады. Осы жылдары журнал қазақтың төл тарихына көбірек көңіл бөлді. Ұлттық салт-дәстүр,діл мен этнографияға айрықша назар аударылды. Архив мамандары, тарихшы ғалымдар, этнографтар мен зергерлер, өнер шеберлері автор ретінде көптеп тартылды.

Мен ол кезде Ақселеу ағамыздың орынбасары-журналдың жауапты хатшысы болатынмын.

Бас редактор Ақселеу Сейдімбековтің бөлмесі Тарих институтының филиалы сияқты еді. Филиал болғанда, әдеттегідей үлкен жиындар емес. Екі, әрі кетсе үш-төрт адам бас қосып, қызыл кеңірдек болып күнде айтысып жатқаны. Сол айтыстың бәрі қазақ ұлтының тарихы мен тағдырына қатысты мәселелер еді.

Ал олардың әңгімесіне құлақ түрсең-шошисың.

Мұндағы әңгіме-біз мектепте де, университетте де ешбір мұғалімнің аузынан естімеген сөздер. Ол заман үшін естір құлаққа ерсі-одағай әңгімелер. Бөтеннің құлағына тисе - "ұлтшыл", "пантюркист" деп партиядан шығарылып, жұмыстан қуылатын, тіпті итжеккенге айдалып кететін аса қауіпті әңгімелер.

Әңгіме ауаны аса қиын бағыт алып бара жатқан шамада Ақселеу ағамыз: 

- Әлеке, анау қызметкерлерді жылтыңдата бермей, материалды өзің-ақ қарац салшы! - деп, бөтен адамды бөлмеге кіргізбеуге тырысатын. 

Бұл-жұмыстағы жағдай. Бір ғажабы, кешке үйге келгенде Тілеуханның әңгімесі де осы тақілеттес келетін. Екеуміз күніге бір рет көрісіп, шер тарқатып шүйіркелесіп алмасақ, ұйқымыз бұзылатын. Әлденені ұмыт қалдырғандай, бір-бірімізді іздеп, алаңдап тұратынбыз. 

Өйткені екеуміз құдайы көрші едік, төс түйістірген дос едік. 

Тілеухан сол кездегі "Білім және еңбек" журналын да, оның ешкімге ұқсамайтын сал-сері бас редакторын да кереметтей жақсы көретін, қадір тұтатын. 

Енді мына қызыққа қарашы... 

Желтоқсан оқиғасынан кейін билік артынша осы оқиғаға желеу болған себеп-салдарды іздеуге кірісті ғой. Ол кезде мен басқа мекемеде қызмет жасаушы едім. Оларға бәрібір екен. Бірде МҚК-ге шақыртты. Ғұмырымда есігін ашып көрмеген жерім еді, ойымда ештеңе жоқ, шақыртқаннан кейін салып-ұрып жетіп бардым. Сөйтсек, оқырманды "ұлтшыл" жасаған Ақселеу Сейдімбековтің соңына шам алып түскен беттері екен. Ақселеуді істі ету үшін жауапқа шақырылғандар: бұрынғы орынбасар-мен, қазіргі орынбасар - Жұмабек Кенжалин, реакцияның көптен келе жатқан ақсақал қызметкері, жазушы Танаш Дәуренбеков. 

Шүкіршілік, МҚК қатты ескеріп тыйым салып, бір-бірімізбен кездестірмесе де, үшеуміздің сөзіміз бір жерден шығыпты. Сөзіміз нық, ауызбіршілік танытуымыздың арқасында Ақселеу ағамыз аман қалды. Бірақ, бәрібір коммунистік жүйе өзіне адал еместерді кешірген бе, арада көп өткізбей Ақаңды жұмыстан алып тастады. 

- Журналдың жұлдызды кезеңі осымен тәмам! - деген. Мұны естіген кезде Тілеухан атаң кәдімгідей күңіренеді: 

- Ендігісі-ұлт үшін Сейдімбековтің аман қалғанына тәубе етейік! 

Тілеуханның "аһ" ұрған осы сөзінде шындықтың бары рас-ты. Қазір ғой, батырлардың да, баһадүрлердің де арамызда көбейіп кеткені. Қыңқ етсең кесіп түсетін коммунистік жүйе кезінде артық-ауыс сөз айту, одағай пікір түю, аңғартпай, астармен мақалалар ұйымдастыру үлкен қауіп болатын. Ал ол заманда ұлттық намысты оятып, "қазағым" деп қайысқан, "елім" деп еңіреген азаматтар көп еді деп айта алмаймын. Болды, бірақ саусақпен санарлық қана шығар. Соның бірі ғана емес, бірегейі Ақселеу Сейдімбеков болатын. Іші күйген тұз жаласын, бұл сөзді бөтен біреу емес, сол бір алмағайып шақтарда қатар қызметтес болған, үзеңгілес інісі болған, кәкүр-шүкір әңгіменің бәріне куә болған заңды орынбасары айтып отыр. 

Ал менің Тілеухан досым болса, өзі құрмет тұтатын Ақселеу ағасымен шын мәнінде рухтас еді. Ол өзін сол заманда-ақ Ақселеудің рухани інісі санайтын. 

Мінеки, сенің сегіз қырлы, бір сырлы Тілеухан атаңның қысқа болса да мәнді өмірінің бір парасы осы, айналайын

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61