Weekend
Мұны түсіну үшін өз тәжірибеңізбен өткеруіңіз қажет
Аңдар Шаһары (Зверополис) деген анимациялық фильм көргендеріңіз бар ма? Өткенде АҚШ-тың Мичиган штатында жүргізуші куәлігін алуға өтініш беру үшін DMV (Department of Motor Vehicle) қызметіне барғанымда сол фильмдегі бір эпизод есіме түсті. Анимацияда полицей қоян күдікті көлігінің нөмірін тексерту үшін DMV қызметіне келіп, түнде бір-ақ шығады. Олардың сонша баяу қызмет көрсететінін өз тәжірибемнен өткердім.
Айта кетсем, бұл америкалықтардың ЦОН-ы. Нақтырақ, америкалықтар не шетелдіктер өзіне қажет кез келген құжатты тек осы мемлекеттік мекеме арқылы ала алады. Басында баяу қызмет жайлы білмей, асықпай түске қарай келіп едік, кешкі 5-терде кезегім әрең келді. Ал көлік жүргізу емтиханын қайта тапсырып келген соң, таңғы ашылу уақытына 20 минут кешігіп, әйелім екеуіміз 13 адамға 3,5 сағат қызмет көрсетілгеніне куә болдық.
Бір қарағанда, қызметкерлері жеткілікті, жылдам жасап жатқан сияқты көрінеді. Бірақ қызметкерлер бір адамды жіберіп, келесісін шақырмай, орнынан кетіп қалады. Асықпай кофе дайындап, басқа қызметкерімен әңгімелеседі. Түске қарай, олардың саны екі азаяды.
Қазақстанда жүргенімде кейбір құжаттарды EGOV, электронды үкімет порталынан онлайн алатынмын. Тіпті Telegram боттардың көмегімен де бірталай құжаттарды сұратып ала беруге болатын. Тек телефон нөмірің азаматтар мобильді базасына тіркелген болса болды. Бір рет Алматыдағы Әуезов ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталығында кезекте 30 минут күтіп, жиналып қалған азаматтар неге қызмет ақырын көрсетіп жатқанын сұрата бастағанда, ЦОН-дағылар тезірек шаруаны бітіруге тырысып кеткен еді. Ал Америкада олай талат ете де алмайды екенсің. Барлығы толерантты түрде сағаттап кезегін күте береді.
DMV сайттары арқылы онлайн тек кезекке тұра аласыз. Сол кезек уақытына дәл келсеңіз, сізге бірден қызмет көрсетіледі. Бірақ онлайн құжат алу не өтініш беру деген жоқ. Сосын кезекті онлайн бекітсеңіз, кезегіңіз кем дегенде 2 аптадан кейін келеді. Екінші рет, жүргізу практикасын тапсырып келген соң, олардың тасбақаша еңбегін күзетіп, әрең түс ауғанда терезеге жақындап, талап етілген құжаттарды берсем, табысымды көрсететін, құжат оригиналы керек екен. Болашақтың берген хатын университет әкімшілігіне тапсырғанымды айтып, көшірмесін берсем, көнбей қойды. Сонша күткенімді айтып, өтінсем де, шаруамды бітірмей кері жіберді.
Расында, мен кез келген жерде өз құқығымды айтып, тез әрі сапалы қызметті үнемі талап ететінмін. Бірақ DMV-ге ісім түспесін деп тілеп, мені қайтарып жіберген кісіні қазақша лағнеттеп ғана шектелдім.