Weekend

Шымкент қаласында қандай кәсіпорындар іске қосылды?

Қалада біршама зауыт ашылды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Шымкент қаласы күннен күнге қай тұрғыдан болсын дамып келеді. Соның ішінде қаладағы жыл сайын әртүрлі зауыттардың ашылуы көңіл қуантады. Назарларыңызға биыл Шымкентте ашылған зауыттарды ұсынамыз. 

Шымкентте жеміс пен көкөністі қайта өңдеу және консервілеу зауыты ашылды

Зауыт жылына 10 миллион банка консервіленген өнім шығара алады. Бұл зауыттың жұмысымен қала әкімі Ерлан Айтаханов арнайы барып танысты. 

Қала басшысы отандық өнiмдерге сұранысты арттыру үшiн тауар сапасына көңiл бөлу керектiгiн нақты айтып өтті. Ерлан Айтахановтың айтуы бойынша, қазіргі экономикалық жағдайда нарықта бәсекеге қабілеттілік өте маңызды.

«Дары Сайрама» ЖШС-нің жобалық құны 350 млн. теңгені құраған. Ал оған мемлекет бюджетінен 70 млн. теңге субсидия берілген. Мұнда тұрақты 120 адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар серіктестіктің жанында 5 га болатын жүзім плантациясы мен 1 га жылыжай кешені бар.

Зауыттан шырын құю желісі, тосап өндіру, лечо, томат пастасы, консервіленген қияр, қызанақ, түрлі салаттар сынды басқада өнімдер шығарылады.

Шымкентте сусындар мен шырын зауыты ашылды

Қалада энергетикалық сусындар мен шырындар шығаратын жаңа өндіріс орны ашылды. «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан зауыттың құны – 1 млрд теңге. «Болашақ-7» ЖШС өнімнің 14 түрі бойынша 35 млн дана сусын мен шырын шығаруды жоспарлап отыр.

Кәсіпорын «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қолдау тапқан. Нәтижесінде өндіріс орны заманауи қондырғылармен жабдықталған. Шикізат ретінде Шымкент қаласының өнімдері қолданылады. Айта кетейік, жаңа кәсіпорында 150 жұмыс орны ашылып отыр.

Зауыт өнімдері Шымкент қаласымен қатар Қазақстанның басқа өңірлеріне, сондай-ақ, көршілес Қырғызстан мен Өзбекстан елдеріне экспортталады.

Шымкентте Орталық Азияда баламасы жоқ «Asia Trafo» трансформатор зауыты іске қосылды

Қалада Қазақстан Республикасы индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында «Asia Trafo» зауыты салтанатты түрде іске қосылды.

Зауыт сипаттамасы жөнінен бірегей болып танылған. Трансформатор зауыты Шымкент қаласының «Тассай» өндіріс аумағында орналасқан. Ол 12 гектар жерді алып жатыр. Зауыт - кернеуі 110кВ-дан 500кВ-ға дейінгі трансформатор шығаратын Орталық Азиядағы бірден-бір өндіріс орны.

«Asia Trafo» зауытының бас директоры Серғазы Күнтуаров жиналғандарға инвеститциялық жобаның тарихы, технологиясы, әлеуеті, өнімнің ерекшелігі және экспорттық мүмкіндігі жөнінде әңгімеледі. Жоба «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-ы және «БРК-Лизинг» АҚ-ының қаржылай қолдауымен жүзеге асырылады.

Бүгінге дейін Қазақстанда осындай қуатты электроэнергетикалық қондырғы шығару қолға алынбаған.

Енді «Asia Trafo» зауытының ашылуы Қазақстанмен қоса үшінші мегаполистің дамуына да елеулі үлес қосады. Кәсіпорынның өнімдерін ТМД елдерінің нарығына, яғни Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттеріне, сондай-ақ Иран, Ауғанстан, Пәкістанға шығару жоспарланып отыр.