Weekend
Жастар
Мектеп қабырғасында білім алып жүрген жеткіншектеріміздің де айтары бар. Олар өздерін ойландыратын, қоғамда әлі шешімін таппаған мәселелерді «NIS TALKS» алаңында ортаға салуда.
Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің бастамасымен ұйымдастырылған жоба Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығының залында өтті.
Жас спикерлер таңдауындағы тақырыпқа ғылыми зерттеу жүргізіп, алуан түрлі пікірлер мен көзқарастарды жан-жақты қарастырып, айтар ойын тыңғылықты жеткізді.
Бекітілген уақыт 7-15 минут болса, осы уақыт аралығында олар «Тіл және Алаш идеясы», «Мен және отбасым», «Өміріңіздегі уақыттың бағасы қанша?», «Қазақ қызының қоғамдағы орны», «БҰҰ моделі және оның принциптері» тақырыптарын тарқатып, жиналған қауымға өз ойларын жүйелі түрде жеткізді.
Айта кететін болсақ, «NIS TALKS» жобасы 2016 жылдан бері қала деңгейінде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Зияткерлік мектептің оқушыларымен бірге бұл жолы, қаламыздағы №65 және №24 жалпы білім беретін мектептердің оқушылары пікірлерін ортаға салды.