Экономика

Шымкент кәсіпкерлері бизнес-мәселені әкіммен ас ішіп отырып ақылдасты

Бейресми отырыс

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Шымкент әкімі Ерлан Айтаханов қаланың 100-ден астам кәсіпкерін бизнес-лачқа шақырып, бизнес саласындағы мәселелерді талқылады. Атқарушы органдардың жіберіп отырған қателіктерін сөз етті.

Ас басталмас бұрын Ерлан Айтаханов тұрғын үй құрылыс, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік салада қолға алынған бағдарламалар мен жобаларды таныстырды. Таныстыру барысында кәсіпкерлерді мемлекетпен серіктестік қарым-қатынас орнату арқылы кәсібін дамытуға шақырды.

- Кәсіпкерлермен байланыс, қарым-қатынас орнатудың кез келген түрін қабыл алуға жұмыс жасауға дайынбыз. Сондықтан кәсіпкерлерден сұрарым – бизнестің дамуы мен табысты жүруі үшін не істеуіміз керек, соған бағыт-бағдар сілтеңіздер, - деді қала әкімі.

Қазіргі уақытта Шымкентте 500 ірі және 68 мың шағын кәсіп иелері тіркелген. Әкімдік тарапынан «Жұлдыз» индустриалды аймағын дамыту бойынша, оған кәсіпорындарды көшіру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Үстел басында бизнестің басты проблемалары айтылып, оның шешу жолдары да ұсынылды. Мәселен, Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасының кеңес төрағасы Мелес Сейітжановтың айтуынша, кәсіпкерлердің қазіргі бас ауруы – бұл жер телімі.

- Жер телімін заңдастыруда мәселе көп. Бір желімінің екі не одан да көп кәсіпкердің атына берілуі жиі кездеседі. Соның кесірінен кәсіпкерлердің арасында жанжал да көп. Сотқа жүгініп, оның шешімін күтіп отырғандар аз емес. Кәсіпкердің қолында құжат та, қаржы да, бизнес жоспар да бар. Бірақ бизнес бастайын десе, алған жер телімінің иесі басқа біреу болып шығады, - дейді Мелес Сейітжанов.

Ерлан Айтаханов жер мәселесі Шымкенттің басты қиын мәселелерінің бірі екендігін айта келіп, бұл шаруаны шешу бойынша арнайы комиссияның құрылатынын, ревизия жасалып, заңсыз берілген жер телімі анықталатынын айтты.