Саясат

Түркиядағы жетістіктің сыры неде?

Еркін Байғабылұлының жазғаны

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бауырлас елде бірнеше мәрте іссапармен болып, осы өзекті сауалға жауап табуды мақсат етіп қойдым. Жан-жақты сараптаудан өткізіп, жауап та тапқан сыңайлымын. Енді бірден соған көшейін. 

Түркияның ең басты жетістігі - қысқа мерзім ішінде туризмді жоғары деңгейге көтере алғандығы. Ататүріктің өзі теңіз жағалауларының саяхатшылар мен демалушыларды тартатын бірден-бір орынға айналатынын алдын ала болжай білді. Осыған орай ол үкіметке әлемдік тәжірибеге зерттеу жүргізе отырып, бағдарлама құруды міндет етіп қойған. Оның өсиетін ұрпақтары орындауға тырысып, нәтижелі әрекет ете алды. 

Үкімет елу, алпысыншы жылдары арнайы бағдарлама қабылдап, туризм саласын дамытуды жүйелі түрде қолға алған. Бірінші кезекте барлығы қаражатқа тірелетіндіктен жеңілдікті несие беру мәселесін шешеді. Қонақүй, жағажай, мейрамхана, демалыс орындарын салам деушілерге мемлекет жеңілдікті несие берген. Алғашқы жылдары оны қайтару пайызы азайтылып, аяқтан тұрып алуға жағдай жасалды. Нысандар толыққанды жұмыс істей бастағанда несиені қайтару парызы көтеріліп, үкімет өз қаражатын кері ала алған. 

Екінші көмек осы салаға бет бұрғандарға жерді жекеменшікке, арзан бағаға ұсынған және ұзақ мерзімге төмен бағамен жалға беру жайы қаралады. Бұл да ісін жаңа бастаған кәсіпкерге үлкен жәрдем. Осылайша, Түркия несие беруді оңтайлы ұйымдастыру арқылы туризм саласының ғимараттарын тұрғызып алғаннан кейін, қызмет көрсету сапасына айрықша мән берген. Барлық ірі қалаларда осы салаға қажет мамандықтар бойынша жедел оқыту курстары ұйымдастырылады. Нәтижесінде тез арада жағажайлары бар өңірлердегі халық жұмыспен қамтылып, жаңа табысы мол кәсіпті тез әрі сапалы деңгейде меңгерген. Ғимараттар мен мамандарды дайындап алған соң, үкімет туризм нысандарын азық-түлікпен қамтамасыз ету жайына кірісіп, ауылшаруашылығы саласын қоса дамытуды қолға алған. Бұл тұрғыда бірінші кезекте елдегі жердің құнарлылығын зерттеуге айрықша мән беріледі. Қай өңірде қандай өнімді өсіруге болатыны нақты ғылыми түрде анықталған. 

Осыдан кейін үкімет ауылшаруашылығы өнімдерін өсіремін деушілерге де жеңілдікті несиелер ұсынған. Нәтижесінде әр өңір белгілі бір өнімді өсіруге бейімделіп, оның қыр-сырын терең меңгеруге кіріскен. Түркия барлық жеміс-жидек, көкөніс, азық-түлік өнімдерін өз ішінде өндіруге қол жеткізеді. Ең тиімдісі өзінде өскен соң, олардың бағасы да жоғары емес. Табиғи ерекшеліктерге сай кейбір өте ыстық жерде өсетін цитрусты жемістер ғана сырттан тасымалданып, негізгісі ел ішінде өсірілген. Ауылшаруашылығының екінші бір саласы ет, сүт өнімдерін өндіру жайы да ескерілген. Шаруа қожалықтары да жұмысын жетілдіреді. Сөйтіп,туризм саласы ауылшаруашылығының да көтерілуіне тікелей ықпал етеді.

Түркия қонақтарды қарсы алып, күтуді, азық-түлікпен қамтамасыз етуді жүйелі түрде өз ішінде шешеді. Бұдан соң үшінші кезең орта және шағын бизнеске назар аударады. Бұл топ инфрақұрылымдық қызмет көрсету жұмыстарына жұмылады. Тасымал, байланыс, жол, сауда, тұрмысқа қажетті тауар өндіру ісі, т.б. жолға қойылады. Туризм бұл саланы да өзімен бірге алға тартады. 

Міне, осындай жүйелі, негізді, жан-жақты екшелген туризмді дамыту бағдарламасын жүзеге асыру арқылы экономикасын нығайтқан Түркия өркениетті елдер қатарына кірді. Бір сала бірнеше саланы өзімен бірге тарта алды. Біз осы елде демала жүріп, бәрі енгізілген деген ас та төк тамақ пен қызметке таңқаламыз. Оның сыры жоғарыдан жүргізілген жүйелі істе екендігін сараладық. Бұл бауырлас елдің бізге үлгі болатын басты жетістігі.