Weekend

Уақыт жүгі уақытша жүк емес немесе қазіргі кезең туралы толғаныс

Сағат Әшімбаевтың толғанысы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

– Сіз уақыт алдындағы азаматтық жауапкершілік деген мәселе төңірегінде ойланып көрдіңіз бе? Дұрыс айтасыз, мұндай күрмеуі мол, күрделі ұғым жайында ойланбай отырып, ойда-жоқта жауап беру әрине оңай емес. Уақыт алдындағы жауапкершілік! Осы бір сөздер ойының оты бар адамды ойға қалдырмауы, ойына әр нәрсені алдырмауы мүмкін емес. Бұл өзі шындығында көп мағыналы ұғым ғана емес, көп болып ойлануды қажет ететін әлеуметтік қажеттілік дер едік. Біз ең алдымен осынау жауапкершілік деген ұғымның астарында болашақ алдында арыңмен де, барыңмен де жауап берушілік деген терең мағына жатқандығын ашып айтқымыз келеді. Тағы сол таратыңқырап айтатын нәрсе, біздіңше бұл ұғым белгілі бір уақытқа қарақан бастың қамы үшін уақытша қалт-құлт етіп қызмет ету емес, керісінше қай уақытта да және қандай қиын жағдайда да адамгершіліктің ақ жолын қорғау мен қолдаудан таймау – азаматтықтан тайынбау деген сөз. Бір сөзбен түйгенде оның екінші атын адамгершілікке қылаусыз қызмет ету деп қараған жөн. «Болашақ тезінен құтылу ешкімнің де маңдайына жазылмаған» дейді екен гректер. Демек, қай кезде де адамгершіліктің ақ жолын айналып өткендердің сазайын уақыт – болашақ өзі-ақ тарттырады екен. Қысқасы, бүгінгі уақыт артқан жауапкершілік жүгін адал арқалау дегеніміздің өзі айналып келгенде болашақ алдындағы абыройыңды сақтайтын ең ауыр жүк – шындықтың жүгін бар адамшылық болмысыңмен көтерісу, халқыңның тарихи мүддесін қалтқысыз қорғау, туған еліңнің әлеуметтік мұраттарын жеке бастың мүддесінен жоғары қоя білу, келер ұрпақтың келешегіне кесіріңді тигізбеу. Ердің көзін ездің сөзіне қимау екендігін есің болса естен шығармағанға не жетсін.         

                                            Сағат Әшімбаев