Саясат

Енді 086 медициналық анықтамасын онлайн алуға болады

Тағы 9 мемлекеттік қызметті көрсету рәсімін жеңілдету мәселесі қаралды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ведомствоаралық комиссия отырысында тағы 9 мемлекеттік қызметті көрсету рәсімін жеңілдету мәселесі қаралды. Бұл ақпаратты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі растады.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтіп, комиссия мүшелері 41 мемлекеттік қызметті қарастырды. Өзекті емес және сұранысқа ие емес 13 қызметті қолданыстағы тізілімнен алып тастау, ал 15 қызметті электронды форматқа көшіру және өзара ұқсас қызметтерді біріктіру ұсынылды.

Автоматтандырылатын қызметтердің қатарында 086/у анықтамасы да бар. Ұсынылған процедура бекітілгеннен кейін аталған анықтаманы міндетті медициналық тексеруден өту нәтижелері негізінде eGov порталы арқылы алуға болады. Анықтамада арнайы QR-код болады, ол құжаттың түпнұсқалығын тексеруге мүмкіндік береді. Мұндай электрондық анықтама бір жылға жарамды.

Сонымен қатар, отырысқа қатысушылар ел Президенті жақында бекіткен Мемлекеттік қызмет көрсету туралы заңнамаға енгізілген түзетулерге байланысты өздерінің іс-қимыл жоспарларымен бөлісті. Бұл заң толық күшіне енуі үшін тағы 400-ге жуық нормативтік құжаттарды қабылдау қажет. Заңның әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, Асқар Жұмағалиев мемлекеттік органдардың өкілдеріне осы Заңға тәуелді актілерді жедел қабылдау қажеттігін еске салып өтті.

Осы заңға «проактивті» және «композиттік» ұғымдардың енгізілгенін айтып өту керек. Яғни, ендігі уақытта мемлекет азаматқа белгілі бір өмірлік жағдайда қызмет көрсетуді өзі ұсынады, сондай-ақ бір ғана өтініш жазып, бірқатар ілеспе қызметтерді алуға мүмкіндік береді.

«Біз композитті және проактивті қызметтердің бірқатарын пилоттық режимде ұсынудамыз. Бұл тәсілдер өзінің тиімділігін көрсетті. Сондықтан, әріптестер, сіздерден тиісті заңға тәуелді актілерді қабылдауды барынша жеделдетуді сұраймын. Бұл түзетулерді енгізудің мәні зор, себебі азаматтардың мемлекеттік қызметтерді алуын ыңғайлы әрі жедел ете түспек «, - деп атап өтті Асқар Жұмағалиев.

Комиссия отырысында мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және оңтайландыру бойынша жүргізілген жұмыстар туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ауыл шаруашылығы, Денсаулық сақтау, сондай-ақ Мәдениет және спорт министрліктерінің өкілдері баяндады.