Weekend

Тәртіпсіздік және түкірік

Нұртөре Жүсіптің еңбегінен

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Тәртіп/...Сіздік/ және Түкірік

Күн шығыстағы көршімізден көп нәрсені үйренуге болады. Ойлы жұрттың өнегелі ісінен қойлы жұрт қаперге алар тірлік көп. Мәселен, жақында Қытай мынадай тәртіп енгізді: "Кім көшеге, жерге түкіреді, соған пәлен мың юань айып салынады". 

Осыны қытай жұрты неге істеп отыр? "Түкірік, қайта жұтсаң мәкүрік" дейді қазақ. Демек, түкірік ауыздан шыққан соң не болса да, неге болса да зиян. Түрлі ауру түкіріктен тарайды. Бұл - бір. Екіншіден, мың сан халық түкірсе не болады? Кішігірім Қапшағай. "Көп түкірсе көл" демекші, көл болады. Бұл көл - ұлт үшін қатерлі көл.

Тазалық пен тәртіптің төркіні - бір. Тәртіп жоқ жерде тазалық болмайды. Тазалық жоқ жерде бәрі жүреді: ауру да, бәле де, бәлекет те.

Қазақтың жері кең екен, санымыз аз екен деп туған жерге қалай болса солай түкіріп беруге бола ма? Қазір қараңызшы: базарда да былш-былш, көшеде де былш-былш... Шырт-шырт түкірген айналайын болып қалды. Қақырып, шақырып... Қан түкіріп жатқандар да бар...

Қан түкіріп демекші, біздің елде қазір туберкулездің ашық түрімен ауыратындар қаншама?!. Түкіріктен ауру жұқтырып жатқандар да соншама!..

Бұл әңгімені қозғамауға да болар еді. Ел қатарлы шырт-шырт түкіріп жүре берсек, ештеңеміз кетпейді. Бірақ,бұл жерде әңгіме-елдік мәселеде болып отыр.

"Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды" деген Бауыржан Момышұлы. Бізде осы тәртіп бар ма?

Былық-шылық сол тәртіптің жоқтығынан болып отыр ғой. Үлкен көлемде, ірі мәселе төңірегінде сөз етпей-ақ қоялық. Күнделікті өмірде бұл ұлы мәртебелі Тәртіпке жүгініп, соған бас иіп отырмыз ба? "Иә", деп ешкім айта алмайды. Өйткені, біздің елде тәртіпсіздік белең алған!

Бір тәртіпке бой ұсынбаған елден береке кетеді! 

Сөзді тәртіп пен түкіріктен бастадық қой. Ақын Жұмекен Нәжімеденовтің бір өлеңі бар еді, сонымен түйіндейік.

О, туған жер, шүкірсің,

Топырағыңа киелі.

Бір есуас түкірсе,

Ол бетіме тиеді!

P.S. Сіздің бетіңізге ештеңе тиген жоқ па?!.