Саясат

«Қос билік деген ұғым жоқ»: Тоқаев Назарбаевпен қарым-қатынасы жайында айтты

Тоқаев елорда атауының өзгеруіне байланысты сұраққа жауап берді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Немцова. Интервью" бағдарламасы бойынша Deutsche Welle басылымына сұқбат берді.

Сұқбат, жалпы қызу әңгіме барысында журналист Жанна Немцова Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен қарым-қатынасы жайында ашық сұрады. 

"Нұрсұлтан Назарбаев - Қазақстан Республикасын құрушы адам. Біз, жалпы қазақ халқы Елбасыны Ұлт көшбасшысы ретінде білеміз. Мен – қазіргі таңда Қазақстан Республикасының заңды сайланған Президентімін әрі Жоғарғы әскери қолбасшымын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екеуміздің арамызда бүгінгі күнде ешқандай қайшылық жоқ. Кей кездерде бір-бірімізбен кеңесетінімізді жасырмаймын. Тәжірибелі басшы ретінде ол кісіден кейде кеңес алып тұрамын. Бұл жерде қос билік деген ұғым жоқ", - деді Тоқаев. 

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Астана атауының Нұр-Сұлтан болып өзгеруі туралы сұраққа да жауабын берді. 

"Ол - Қазақстан Республикасының негізін қалаушы. Біз оның еңбегі мен қызметін лайықты бағалауымыз қажет. Мұнда менің тарабымнан артық кеткен ештеңе де жоқ. Негізінде Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі астананы және кейбір нысандардың атауын өзгертуге қарсы болды", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

"Біз елордасы Астанаға Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатқан кезде ғана жаңа атау бердік. Мен Президент ретінде елорданың атауын өзгерту туралы ұсыныс айттым. Біз бұл қалаға бірінші рет келгенде, ол қарапайым ғана кеңестік елді мекендердің бірі болды. Иә, бұл қала еді, бірақ тым шағын әрі заман ағымынан артта қалған болатын. Елорданы бұрынғы Целиноградқа ауыстыру батыл әрі геосаяси шешім болды. Қазақстанның дәл ортасында орналасқан елорданың қазіргі жағдайында үлкен мағына бар", - деді ол. 

Бұдан бөлек Президент митингілер, Ресеймен және Қытаймен қарым-қатынасы, латын әліппесіне көшу жайлы және Германияға жоспарланған сапары жайлы айтты.