Саясат

Қазақстанның министрлері тізерлеп отырып, курстан өтті

Елжан Біртанов, Асхат Аймағамбетов, Ерлан Тұрғымбаев, Ақтоты Райымқұлова, Біржан Нұрымбетов және Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов қатысты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстанның министрлері Америка кардиология қауымдастығының базалық жүрек реанимациясы курсынан өтті. Бұл ақпаратты денсаулық сақтау министрлігінің шұғыл медицина бойынша ұлттық үйлестіру орталығы растады. 

Соның негізінде базалық және кеңейтілген жүрек реанимациясын (BLS, ACLS) оқытудан халықаралық тренингтік орталық ашылған болатын. Америка кардиология қауымдастығының аккредитациясынан өткен ондай орталық ТМД аумағында алғаш рет ашылып отыр.

Халықаралық тренингтік орталық Қазақстан халқының қан айналымы жүйесі ауруларын, соның ішінде емдеуге дейінгі кезеңде өлім-жітімді азайту үшін ашылған. Негізгі мақсаты –  бірыңғай стандарттар бойынша медицина қызметкерлерін, сонымен қатар республика халқын базалық реанимация (BLS) шараларын көрсетуге үйрету.

Орталықтың алғашқы курсынан Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, ғылым және білім министрі Асхат Аймағамбетов, ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов және Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов өтті.

"Қазақстанның аумағында халықаралық тренингтік орталық құру шұғыл медицина, төтенше жағдайлар қызметі және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің базалық және кеңейтілген реанимациясын көрсетуді үздіксіз және сапалы оқытудың сенімді жүйесін құруға мүмкіндік береді", - дейді денсаулық министрі Елжан Біртанов.

Айта кетейік, Америка кардиология қауымдастығы (AHA) кардиология саласында медициналық зерттеулермен, кардиологиялық аурулардан туындаған мүгедектік пен өлім-жітімді төмендету мақсатында тиісті медициналық көмекке ықпал ететін салауатты өмір салты туралы білім беру жобаларымен айналысатын АҚШ-тағы коммерциялық емес ұйым.