Weekend

Алматыдағы «Бастау» VІІІ халықаралық фестивалі: «Жаңа буын киносы»

Алматы қаласында «Бастау» VIII халықаралық кинофестивалі басталды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Алматы қаласында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Бастау» халықаралық кинофестивалі 3 желтоқсанда басталды. «Бастау» VІІІ халықаралық фестивалі 3-7 желтоқсан аралығында өтеді деп жоспарлануда. Бұл - студенттік және дебюттік фильмдердің фестивалі. Аталмыш байқаудың өткізілу барысында байқауға қатысушылар өз туындыларын таныстырады. Ал кәсіби киноматографтар шеберлік-сабақтарын өткізіп, тәжірибелерімен бөліседі.

Бұл іс-шара жас таланттарға берілген үлкен мүмкіндік іспетті. Олар бұл фестивальдің арқасында кино саласындағы майталман шеберлермен пікір алмасып, кәсіби шеберліктерін арттыра алады.

Биылғы фестиваль ресми бағдарламасының кеңеюімен ерекшеленеді. Ол халықаралық екі байқаудан тұрады деп өзгертілді. Олар:

Bastau shorts – Қатысушылардың кейінгі 2 жылда түсірген қысқаметражды анимациялық, көркем және деректі фильмдердің халықаралық конкурсы;

Bastau debuts – Қатысушылар тарапынан кейінгі 2 жылда түсірілген толықметражды дебюттік көркем фильмдердің халықаралық конкурсы.

«Бастау» кинофестивалінің президенті Сергей Әзімовтың айтуынша, бұл фестиваль шығармашыл жастарға бастау болатын алаң секілді. Тіпті ол фетивальдің ерекшелігін айтып өтті. Оның айтуына қарағанда, фестивальдің басты ерекшелігі – шығармашылық еркіндікте.

«Жаңа буын киносы». Бұл - аталмыш фестивальдің ұраны.

Bastau debuts – толықметражды фильмдердің байқауына 10 картина таңдалып алынды. Олардың арасында «Аврора» (Қырғызстан), «Оларды көрген соңғы адам» (Германия), Үндістан мен Қытай бірлесіп түсірген «Ауырсыну» фильмі, «Бейіттерді жылжыту» кинолентасы (Корей), «Мәриам» (Қазақстан) және басқа да фильмдер бар.

Халықаралық конкурста ресейлік режиссер, сценарист, продюсер Михаил Сегал жетекшілік ететін қазылар алқасы баға береді. Әділ қазылар алқасының жалпы құрамында: испандық киносыншы Роберто Куэто, франциялық продюсер әрі дистрибьютер Денис Васлин, ресейлік театр және кино актрисасы Нелли Уварова, қазақстандық танымал актер әрі продюсер Фархат Әбдірайымов бар. Сонымен қатар фестиваль кезінде студенттік қазылар алқасы да болады. Бұл жылы ол құрамға Қазақстан, Армения, Беларусь, Ресей, Қырғызстанның студенттері кіріп отыр.

Ал Bastau shorts - қысқаметражды фильмдер байқауына қатысу үшін осы жылы әлемнің 44 елінен 360 өтінім түскен. Бұдан шараның әлем сахнасындағы беделінің арта түскенін байқауға болады.

Рекордтық көрсеткіш. Халықаралық байқауға Ресейден 60 фильм жолданған.

Бағдарламаға Қазақстаннан 6 картина ұсынылды. Олар: «Тақсыр» деректі фильмі (Камилла Бердімұратова), «Терең су» анимациялық туындысы (Айдарбек Әбділқадыр), «Дипломмен ауылға» фильмі (Самғар Рақым), «Бауыр» картинасы (Еламан Шаубанов), «Мәулен» драмасы (Дарина Манапова) және «Тыныштық баяны» фильмі (Бағлан Құдайберлиев).

Бұл фильмдерге қазылық ететін алқаның төрағасы франциялық режиссер, сценарист Гела Баблуани. Ал қазылар алқасының жалпы құрамында Өзбекстанның еңбек сіңірген артисі Рано Шодиева, «Листопад» ХКФ бағдарламалық директоры Игорь Сукманов, ресейлік театр және кино актері Александр Пашков, қазақстандық режиссер Шәрипа Оразбаевалар бар.

Фестиваль бағдарламасының маңызды бөлігі - халықаралық киномектептер қауымдастығының құрамына жаңа мүшелерді қабылдау туралы меморандумға қол қою.

Халықаралық байқау 3 желтоқсан күні «Алатау» дәстүрлі өнер театрында режиссер Шарипа Оразбаеваның «Мәриам» фильмімен ашылды.

Алматы қаласының тұрғындары мен қала қонақтары әртүрлі жанрдағы 80-ге жуық фильмді Bekmambetov Cinema кинотеатрында тегін көре алады.

Байқау жеңімпаздарының есімдері 2019 жылдың 7 желтоқсанында жарияланады. Сол кезде марапаттау шарасы өтіп, жеңімпаздар түрлі сыйлықтарға ие болады.

Бұл байқау Алматы қаласы әкімдігінің, Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының, Tanaris Production компаниясының, «Тұран» университеті және Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен ұйымдастырылды.