Саясат

Білім министрі «жалған ғалым» деп айыпталған Жақыповаға қатысты пікір білдірді

Бұрынғы вице-министр Фатима Жақыпова қызметінен өз еркімен кеткен болатын

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бұрынғы вице-министр Фатима Жақыпованың диссертациясына қатысты пікір білдірді.

"Жалпы, бұл диссертация 2009 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қорғалған. Сол уақыттағы барлық талапқа сай деп санаймыз. Сондықтан бүгінде заңнама шеңберінде ол ғылыми атақты қайтарып алуға мүмкіндігіміз болмай тұр", - деді Аймағамбетов сенаттың пленарлық отырысында.

Министр сенаторлардың депуаттық сауалына ауызша жауап беру үшін отырысқа арнайы келді. Өз сөзінде ол бұрынғы вице-министр Фатима Жақыпованың өз еркімен жұмыстан кеткенін де еске салды. 

"Енді, жалпы бұл кісіні өздеріңіз білесіздер, өтінішін жазды. Сол өтініштің шеңберінде қазір министрлікте жұмыс істемейді", - деп атап көрсетті Аймағамбетов.

Оның айтуынша, биыл Қазақстан алғаш рет плагиатқа қарсы жаңа жүйеге қосылды. Оны әлем бойынша 15 мың үздік университет пайдаланады.

"Енді, барлық курстық жұмыс, диплом мен диссертация осы жүйеден өтетін болады. Ол – бір. Екіншіден, ғылыми жұмыстар жүйеден өтіп қана қоймай, сол жүйеде сақталады. Сөйтіп, бір рет жазылған жұмысты екінші рет қорғауға мүмкіндік болмайды", - деп атап көрсетті Аймағамбетов.

Айта кетейік, бұған дейін сенат депутаты Еділ Мамытбеков плагиат төңірегіндегі даудан кейін білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпованы қызметінен босату мәселесін қозғаған болатын. Үкімет басшысы Асқар Маминге жолдаған депутаттық сауалында Мамытбеков білім саласында қордаланған мәселелерді көтерді. Соның бірі - білім және ғылым министрінің орынбасары Фатима Жақыпованың "жалған ғалым" атануы.

"Сіздер білесіздер, бір айдан астам уақыт бойы отандық БАҚ пен шетелдік ұйымдар қазақстандық вице-министрдің плагиатын талқылап жатыр. Қазір әлемде мойындалған екі антиплагиаттық жүйе басқа біреудің ғылыми жұмысын пайдалану фактісін растап отыр. Мұндай жағдайда ведомстволық ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығын пайдаланып, қазақстандық қоғамды жаңылыстыру - мемлекеттік қызметкердің этикалық кодексін бұзу болып саналады", - деді депутат.

Сенат депутаты "жалған ғалым" деп айыпталған вице-министрдің әлі де өз қызметінде жүргенін айтты.

"Неге әлі күнге дейін кадрлық шешім қабылданған жоқ?", - деді Мамытбеков.

Ертесінде білім және ғылым министрлі вице-министрдің жұмыстан босатылғанын хабарлады.

sputniknews.kz