Саясат
Қытаймен экономикалық байланыстарды сақтап қалу үшін осындай қадамға барған
Пәкістан Бейжіңмен арадағы экономикалық байланыстарға нұқсан келуінен қорқып, қытайлық жыныстық саудагерлерге қарсы іс қозғаудан бас тартты деп хабарлайды, "Associated Press" (AP) агенттігі.
Пәкістан бірнеше жылдар бойы Қытаймен тығыз байланыс орнатып келеді, өйткені Бейжің елдің инфрақұрылымына ірі инвестициялар салуды жалғастыруда.
Хабарға қарағанда, Пәкістандық тергеушілер Қытайға қалыңдық ретінде сатуға жіберілген 629 қыз бен әйелдің тізімін жасаған. Адам саудагерлері көп жағдайда мұсылман көп тұратын аталмыш елдің ең кедей қауымдастықтарының бірі - Пәкістандағы христиан азшылықтың мүшелерін нысанаға алады екен, тіпті шіркеу қызметшілерін қыздарын сатуға көндіру үшін пара беретін көрінеді.
Пәкістанның жоғары лауазымды бір өкілі билікпен сөйлескен көптеген әйелдердің Қытайда жүргенде олардың физикалық және жыныстық зорлық-зомбылыққа, сондай-ақ мәжбүрлеп жезөкшелікпен айналысуға душар болғандығы туралы айтқанын жеткізді. Бір тергеуде, тіпті, Қытайда әйелдердің ағзаларын жинады деген айыптар бар, дегенмен бұл мәлімдемелер әлі дәлелденген жоқ деп жазды басылым.
Бұл іспен таныс адамдар Пәкістан билігі тергеушілерді әр түрлі бағытқа ауыстыру сияқты әрекеттер арқылы тергеу амалдарын тоқтатып жатқанын айтады.
- Бұл қыздарға көмектесу үшін ешкім ештеңе істеп жатқан жоқ, қылмыстық әрекеттер жалғасуда және ол өсіп келеді. Неге? Себебі олар жазадан құтылуға болатынын біледі. Биліктің қудалағысы келмейді, керісінше тергеу жүргізгендерге қысым көрсетуде. Қазір адам саудасы артып келеді, - деді тағы бір лауазымды тұлға.
Естеріңізге салсақ, Қазан айында адам саудасы бойынша айыпталған 31 Қытай азаматы сот шешімімен кінәсіз деп таналып, қатысты істі жауып тастаған болатын. Полиция куәлік еткен бірнеше әйелге пара берген немесе іс туралы тіс жармайсыңдар деп қорқытқан.