Weekend
Танымал 5 орын
Шымкент қаласы еліміздің басқа қалаларына қарағанда демалатын орны көп, көрікті мекендері мол, балаларға да, үлкен кісілерге де демалыс сыйлайтын жерлер көп. Бұл санда кішкентай бүлдіршіндерді қайда апаруға болады, сол жағын жинақтап көрген едік.
Сонымен, Шымкентке балаларды апаруға болатын 5 ірі орын келесідей:
Дендосаябақ – Шымкенттің мақтанышы әрі визит карточкасы. Бұл қала ішіндегі орман – өсімдігі көп, көлі мен сарқырамасы бар, сейіл құруға және фотосессия жасауға таптырмас орын.
Дендарийде қырғауыл, аққу, үйрек, елік, тиін, тасбақа өмір сүреді. Велосипед теуіп, ролик, гидроскутермен сырғанауға, құстар мен су каскадын көруге асықсаңыз, балаңызды алып дендробаққа жол тартыңыз.
Ойын-сауық нысандары
Хайуанаттар бағы
Шымкент зообағы қайта жөндеуден кейін демалыс пен ойын-сауық үшін керемет орынға айналды. Мұндағы «Африка аймағы» - серуендеуге тамаша орын және фотосуретке түсу үшін керемет фон десек болады.
Хайуанаттар бағының ішінде балаларға арналған аттракциондар мен тамақтану орындары бар. Бағалары төмен. Велосипед тебемін дегендерге жалға беріледі.
Ал хайуанаттар бағының жанындағы Тұлпар көлінде батут пен лабиринт, катамаран, тарзанка, субұрқақ-әткеншек, шолу дөңгелегі сынды ірі аттракциондар бар.
Аквапарк
Шымкентте аквапарк көп. Тек таңдай білу керек: «Fontan», «Дельфин», «Летопарк», «Акварай», «Эдем», «Джумейра», т.б. Сурбұрқақ, бассейн, аттракциондар – бәрі осында. Бірде-бірі бұдан кенже емес.
Сондай-ақ, қалада «Шымкент-Гавайи», «Alpen park» сынды үлкен демалыс аймақтары бар.
Арбат
Жаяу аралайтын Арбатты ересектер де, балалар да ұнатады. Көше музыканттары мен суретшілері жиналған Арбатта балалар мен үлкен кісілерге арналған 30-дан астам аттракцион, «Қиял әлемі» ойын-сауық саябағы, замнауи кинотеатр, «Төңкерілген үй» бар.
Таяқ тастам жерде құламалы төбешігі бар аквапарк орналасқан. Кешке Арбаттағы кафе мен кофеханаларда демалу жаныңыға рахат береді.
Мәліметтер Шымкент қаласының туризм басқармасынан алынды.