Саясат
Қытайға
Қытай шекарасын заңсыз кесіп өткен екі этникалық қазақ – Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы Қытайға қайтарылады.
ҰҚК төрағасының орынбасары, Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов мәлімдеуінше, сот ісі аяқталғаннан кейін шекараны заңсыз бұзып өткен екі этникалық қазақ Қытайға қайтарылады.
- Ратификацияланған құжат мәртебесі бар қолданыстағы келісім бойынша сот пен барлық қылмыстық жауапкершіліктер аяқталғаннан кейін біз бұл азаматтарды сол елге қайтарамыз. Біз оларды Қытай Халық Республикасына шекара өкілдерінің қызметі арқылы ауыстырамыз. Алдағы уақытта осыған байланысты көрші мемлекет тарапынан тиісті жауап болады. Сондықтан олар осында болса да бостандыққа шығуға мүмкіндіктері жоқ, – деді Ділманов.
Ведомство өкілінің сөзіне сенсек, «қытайдан қашып келген» қос қазақ «ШҚО полиция департаментінің тергеу изоляторында отыр». Қазір тергеу жұмыстары аяқталған.
14 қазанда Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында Қастер Мұсаханұлы Шыңжаңдағы «саяси лагерьде қамауда болғанын», Мұрагер Әлімұлы Қытайда «қысым көргенін» мәлімдеген. Осыдан кейін ҰҚК екеуін «шекараны заңсыз кесіп өтті» деген айыппен ұстап, ертеңінде Шығыс Қазақстан облысына алып кеткен.
Қазан айының 30-ы күні ҰҚК Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов шекараны заңсыз бұзып өту фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын және бірқатар лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылғандығын хабарлаған.
Екі жігіттің адвокаты Ләззат Ахатова Қазақстан билігі оң шешім таппаған жағдайда 10-15 шақты ел оларға «пана болуы мүмкін» екендігін, ол үшін арнайы келіссөздер жүріп жатқанын мәлімдеген еді. Сондай-ақ қарашаның басында Қазақстандағы АҚШ консулдығы «ел үкіметін халықаралық конвенцияда бекітілген кері қайтармау қағидасын сақтауға шақырып», «пана іздеген ешбір адам белгісіз тағдыр күтіп тұрған елге мәжбүрлі түрде кері жіберілмеуі тиіс» деген.