Weekend
Туристке көмек
Шымкентте бір күн қыдырып, оған ғашық болуға дайынсыз ба? Шығыс пен ислам дәстүрінің орталығында орналасқан Шымкент бүгінде заманауи инновация мен көне салтты бірге тоғыстырған шаһарға айналған.
Сонымен, Шымкент қаласын бір күнде көріп тану үшін не істеген жөн? Қайда барып қыдырған абзал? Мұны түсіну үшін осы жазбаға бір көз жүгіртіп шығыңыз.
Шымкенттің бір жайлы кафесінен немесе кофеханасынан таңғы ас ішіңіз, алдымен. Шымкентте арзан әрі дәмді тамақтанатын жерлер көп. Шымкенттің фишкасы да сол – асханасы. Қала әу бастан еліміздің гастротуризміне айналып кеткен.
Егер шығыс базарының аурасын сезінгіңіз келсе, онда Қырғы базарына барғаныңыз жөн. Буы бұрқыраған тандыр нан, самса, қаланың өзінен және көрші ауыл-аймақтан жеткізілген балғын жеміс-жидектер – бәрі осында.
Қаланы тезірек аралау үшін велосипедпен жүрген жөн. Ескі және жаңа қаланы қосатын Тәуелсіздік саябағына барып, Труифм қақпасының алдында суретке түсуге болады. Осы жерден Шымкенттің керемет келбеті ашылады.
Егер сізге Шымкенттің екі мың жылдық тарихы қызықтырса, онда өлкетану мұражайына барыңыз. Ол жерден қаңлы дәуірінің қоныстарын, Ұлы Жібек жолы, даңқты батырлар мен қаланың қазіргі заман тарихы жайлы экспонаттар бар. Мұражайда көне және қазіргі дәуірдің 90 мыңға жуық жәдігері сақталған.
Шымкенттің атақты кәуабынан ауыз тимесеңіз тағы болмайды. Бірақ "қай жерде жақсы кәуап жасайды?" деп іздемей-ақ қойыңыз. Шымкенттің кез келген асханасы шашлыкты жақсы жасайды.
Егер қасыңызда балаларыңыз болса, хайуанаттар бағына барыңыз, Африка аймағының оларға ұнары хақ.
Хауанаттар бағына жақын жерде еліміздің ең биік монументі, данагөй Бәйдібек биге арналған ескерткіш тұр. Дәл осы жерден күн батардағы қаланың тамаша көркін көруге болады.
Одан да жоғарыға шыққанды қалайсыз ба, онда Тұлпар көліндегі биіктігі бойынша еліміздегі екінші Шолу дөңгелегіне барыңыз. Бұл жерден қаланың түнгі келбетін көргенге не жетсін!
Кешке «ескі орталыққа» - әл-Фараби орталық алаңы мен жаяу Арбатқа аттаныңыз. Жанында аттракцион, қалалық аквапарк, балалар мен ересектерге арналған орындар, «Төңкерілген үй» бар. Арбаттағы музыканттарды тыңдап, кәдесыйлар сатып алыңыз.
Дендросаябақ – серуендеу мен фотосессия жасауға тамаша орын. Қарағай, шырша, балқарағай, самырсын сынды қылқан жапырақты ағаштар өседі. Өсімдіктердің алты мыңнан астам түрі бар. Салқын ауамен тыныстап, экзотикалық ағаштарды көргіңіз келсе, саябаққа жол тартыңыз. Барған сәтте «Махаббат патшалығын» да, оның сарқырамасын да көре кетіңіз.
Егер қаламен танысуға уақытыңыз аз болса әрі дәмханалар мен мейрамханаларды аралағыңыз келсе, онда бір жарым сағаттық шолу экскурсиясын таңдап, екі қабатты экскурсиялық автобуспен қала аралыңыз. Аудиогид сізге Шымкент тарихындағы маңызды фактілерді баяндайды.
Мәліметтер Шымкент қаласының туризм басқармасынан алынды.