Саясат
ҰҚК қос қазақтың Қытайға қайтарылатынын айтқан еді
Белгілі исламтанушы Қайрат Жолдыбайұлы ҰҚК өкілінің Қытайдан қашып келген этникалық қазақ жігіттерін «депортациялау» туралы мәлімдемесіне пікір білдірді.
Бейсенбі ҰҚК төрағасының орынбасары, Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов «сот ісі аяқталғаннан кейін шекараны заңсыз кесіп өткен екі этникалық қазақ Қытайға қайтарылатынын» айтқан еді. Екі этникалық қазақ – Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының «кері қайтарылуына» қатысты исламтанушы ғалым, қоғамдық белсенді Қайрат Жолдыбайұлы facebook парағында «ҰҚК-нің депортациялау туралы хабарына» өз ұстанымын білдіріпті:
– Кезінде кеңес өкіметінің құрсауынан қашып, әуелі қытайға барып, одан әрі Үндістан, Пәкістан, Ауғаныстан асып, Түрік елін паналауға мәжбүр болған еді талай қазақ. Сонда Түркия елі мыңдаған қазақ отбасына босқын мәртебесін беріп, тіпті оларға арнайы жер бөліп, ерекше жағдай жасап, аман алып қалған еді. Ал енді өзіміз тәуелсіз елміз дегенде, Қытайдың қысымнан қашып келген бірнеше қазағымызды қорғай алмауымыз елдігімізге сын. Қытайдағы қандастарымыздың проблемасын түбегейлі шешуге, оларды жаппай көшіріп әкелуге әрекет етуіміз қажет. Барлық дипломатиялық жолдарды қарастыруымыз керек. Бұл мәселе бүгінгі қазақ билігінің тарих алдындағы ең бір жауапты міндеті екенін ұмытпауға тиіс, – дейді.
14 қазанда Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында Қастер Мұсаханұлы Шыңжаңдағы «саяси лагерьде қамауда болғанын», Мұрагер Әлімұлы Қытайда «қысым көргенін» мәлімдеген. Осыдан кейін ҰҚК екеуін «шекараны заңсыз кесіп өтті» деген айыппен ұстап, ертеңінде Шығыс Қазақстан облысына алып кеткен.
Қазан айының 30-ы күні ҰҚК Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов шекараны заңсыз бұзып өту фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын және бірқатар лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылғандығын хабарлаған.