Weekend

Шымкент туристтерді несімен қызықтырады?

Қонақжай Шымкент

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қонақтар Шымкенттің көрікті жерлерін, атап айтқанда, жаңа әкімшілік-іскерлік орталығын, Тәуелсіздік саябағын, Рәміздер алаңын, Ордабасы алаңын, «Жеңіс» саябағын, «Даңқ» мемориалын, саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайын, «Наурыз» алаңын, «Бәйдібек би» кешенін, облыстық тарихи-өлкетану мұражайын, әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығын, опера және балет, драма, әзіл-сықақ театрларын, басқа да таңғажайып орындарды аралайды.

Жергілікті тұрғындардың тағы бір сүйікті орны – Абай атындағы саябақ. Әсем саябақ отбасымен, достарыңмен серуендеуге болады. Мұнда соңғы жеті-сегіз жылдың ішінде көпшілікке ыңғайлы түрлі нысандар бой көтерді. Абай саябағының бір бөлігінен 2012 жылы «Оңтүстік Цирк» салынып, пайдалануға берілді.

Шымкент қашанда өзінің қонақжайлығымен, кеңпейілдігімен сырттан келетіндерді бірден баурап алады. Бұл жақта тағамды өте дәмді етіп жасайды. Әсіресе, шашлығын, яғни, кәуабын жеп қайтып, қайта-қайта айтып жүретіндер көп. Кәуап қана емес, Шардара, Көксарай мен Бөген су қоймаларының балығынан жасалған тағамдардың, әрине, шымкентше қазы-қарта мен еттің, нарынның, түшпәра мен мәнтінің, палау мен қуырдақтың, тағысын-тағы тәттінің дәмі тіл үйіреді.

Шымкентке Оңтүстік Қазақстан облысының ғана емес, көршілес Қызылорда және Жамбыл облыстарының, сондай-ақ, Алматы мен Астана (Нұр-Сұлтан), тағы басқа да қалалардан келетіндер көп. Әсіресе, сенбі мен жексенбі күндеріне қарай көршілес өңірлердің тұрғындары отбасыларымен, достарымен ұйымдасып, жаңадан үйленген жастар жоспарласып, Шымкент шаһарына асығады.

Шымкентке алыс және жақын шетелдерден келушілер жыл өткен сайын көбейе бермек. Қонақжай қаланың қонақүйлері көбейе түсуде. Өзіндік заманауи келбетімен және жоғары деңгейлі қызмет көрсету үлгісімен ерекшеленетін мейманхана қала келбетіне көрік қосып, барған сайын беделі арта түсуде. Шымқаланың туризмді дамытуға бұл қонақүйдің қосар үлесі мол.

Республика бойынша ең мықты, мәністі тойханалар мен салтанат сарайлары да, мейрамханалар мен дәмханалар да Шымкентте. Демалыс аймақтары, сейіл-серуен кешендері, балалар демалысына арналған орталықтар да Шымкенттен көптеп табылады.

Кейінгі жылдары Шымкенттің келбеті көріктеніп, қай жағынан алғанда да көркейе түсті. Жаңа құрылыс, ғажайып ғимараттар салынуымен қатар, шаһарда тарихи дәстүр мен архитектуралық келбеті негізінен жалғасын тауып, сабақтастықтың сақталуына мән берілуде. Соңғы бес-алты жылдың ішіндегі кейбір маңызды құрылыс нысандарын атап көрсеткеннің өзінде көп-көп нәрселерге көз жеткізесіздер.