Weekend
Тәржімалағандар: Омар Жәлелұлы, Ғазиз Ештанаев
Біздің жақсы қасиет деп қабылдап жүргеніміз – көбіне тағдырдың шебер таңдауымен немесе өзімдің қулығымызбен жүзеге асатын пайдакүнемдікке негізделген тілектеріміз бен әрекеттеріміз; сондықтан кейде әйелдердің пәк, ал ерлердің айбынды болатыны, бұл қасиеттердің шын мәнінде оларға тән екенін көрсетпейді.
* * *
Жағымпаздардың жағынуы адамның өз менмендігінің қасында жіп есе алмай қалады.
* * *
Менмендік әлемнің сырын қаншалықты аштым дегеніңізбен, зерттелмеген ұңғыл-шұңғылы әлі де жетіп артылады.
* * *
Қулық пен айлакерлікке келгенде менмендік алдына жан салмайды.
* * *
Ғұмырымыздың ұзақтығы бізге қаншалықты байланысты болмаса, құмарлықтарымыздың баяндылығына да біздің қатысымыз шамалы.
* * *
Құмарлық көп ретте ақылдыны ақымаққа айналдырады – ақымақтарға ақыл салатын кезі де аз емес.
* * *
Жарқылымен көз қарықтыратын және саясаткерлер ұлы ойлардың нәтижесі деп түсіндіретін данқты тарихи оқиғалар көбіне құмарлық пен еріккеннің ермегінен туындаған ойынның жемісі болып жатады. Мысалы, әлемге билік етемін деген атаққұмар тілектің туындысы деп түсіндірілетін Август пен Антоний арасындағы соғыс бар-жоғы қызғаныштан пайда болуы да мүмкін.
* * *
Құмарлық – үнемі дәлелі бұлтартпас дара шешен; оның шеберлігі табиғаттан дарыған сияқты және мызғымас заңдарға негізделген. Сондықтан қулығы жоқ, бірақ құмарлыққа құлаған жан қызылтілді, бірақ селсоқ адамнан гөрі тез сендіре алады.
* * *
Құмарлыққа әділетсіздік пен пайдакүнемдік сондай тән, сондықтан оған сену қауіпті, тіпті ақылға сыйымды болып тұрса да сақтанған абзал.
* * *
Адам баласының жүрегінде құмарлық атаулы толассыз алмасып жатады, құмарлықтың бірі өшсе, бірі бас көтере бастайды.