Спорт

Конфедерация кубогы: Алматылық қос құрама жеңіске жетті

Үздік атанған командаларға 12 млн теңге берілді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Спорт түрлерінен жыл сайын өтетін сайысқа биыл каратэ спорт түрі қосылды. Аталмыш спорттан алматылықтар оқ бойы оза шықты.

Сонымен қатар Алматы қаласының таэквондо құрамасы алтын алқа иегері атанды. Бұл жарысты Ұлттық Олимпиада комитеті ұйымдастырды. Төрт жылдан бері бұл сайыс Алматыда дәстүрлі түрде өтеді.

Жарысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен 250-ге жуық спортшы жиналды. Олар спорттың 7 түрінен бақ сынасты. Спорт додасы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтті. Онда 17 команда сайысқа түсті. Бәсеке бокс спортымен басталды. Финалдық кезеңде Нұр-Сұлтан қаласы мен Түркістан облысының былғары қолғап шеберлері өзара кездесіп, көрерменіне жақсы өнер көрсете алды. Олар өзара сегіз түрлі салмақ бойынша күш сынасты. Нәтижесінде Түркістан облысының құрамасы 5:3 есебімен жеңіске жетті. Олар тарихта үшінші рет кубокқа иелік етті. Соңғы шешу сын кезінде 91 келіде Абзал Құттыбеков Айбек Оралбайды жеңіп, мықты екенін дәлелдеді.

Боксконфедерациясы кубогының жеңімпазы Абзал Құттыбековтің айтуынша, шешуші кездесу тартысты өткен. Ол қарсыласының оңай боксшы емес екендігін де мойындады. Олар осымен екінші рет рингте кездескен екен. Бір-бірінің әдіс-айласын жақсы білетін көрінеді. Оның айтуына қарағанда, жеңіске рингте көп жұмыс істеген боксшы жетеді.

Бокс одан әрі күреске кезек берді. Финалда Алматылық «Qazaq kuresi» клубы мен Солтүстік Қазақстан облысының «Қызылжар арландары» кездесті. Қызылжар арландары алматылақтарды жеңіп, кубогы иегері болды.

QYZYLJAR ARLANDARY спорт клубының жаттықтырушысы Дамир Бекбосыновтың айтуына қарағанда, Нұрғали Тұрсынғазиев финалда тартысты бәсеке көрсетіп, командасына әсерлі жеңіс сыйлаған. Бапкер шәкіртіне деген ризашылығын білдірді. Ол сөз соңында барлығына, соның ішінде жарысты ұйымдастырушыларға алғысын айтты.

Бұл шарада алматылық таэквондошылар басқалардан ерекшеленді. Олар финалда Алматы облысының құрамасын басып озды. Жаңадан қосылған каратеден алматылықтарға ешкім тең келе алмады. Финалдық кезеңде олар Маңғыстаудың спортшыларын жеңіп, Конфедерация кубогіне ие болды.

Каратеден конфедерация кубогының жеңімпазы Дидар Әмірәлінің айтуынша, оның қарсыластары мықты болған. Ол дайындығының жеткілікті болғанының арқасында жеңіске жеткенін айтты.

Бұл шарада үздік атанған командалар 12 млн теңге иеленсе, 2-орын алғандар 7 млн, ал 3 орын иегерлері 3 млн теңгемен марапатталды.