Саясат
Алматыда діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес туралы әлеуметтік видеороликтердің STOP Extremism! байқауының жеңімпаздары марапатталды
Байқауға 18-30 жас аралығындағы 87 қатысушы 130 жұмыс ұсынған. Үздік видеороликтер 4 номинация бойынша анықталды. “Үздік әлеуметтік ролик” номинациясы бойынша Олег Хон жеңімпаз атанды. Ол “Я за мирную жизнь” ролигі үшін 700 000 теңгеге ие болды.
“Үздік идея” номинациясы бойынша Әлинұр Шпекбаев марапатталды. Ол “Призрак прошлого” аталатын ролик түсірген. Авторға 400 000 теңге берілді.
“Үздік режиссерлық жұмыс” номинациясы бойынша Рүстем Әлпидің “Уроборос” ролигі жүлдеге лайық болды. Ол 300 000 теңгені жеңіп алды.
Ынталандыру сыйлығы – 50 000 теңге 2 адамға Сабина Токсанова мен Алтынбек Мәжитовке берілді.
Марапатты Алматы мәслихатының депутаты Қайрат Құдайберген мен Social Development Center қоғамдық қорының атқарушы директоры Біржан Қазтұрғанов табыстады.
Байқауға ұсынылған әр роликтің идеясы бар. Режиссерлар экстремизм мен терроризмнің біз байқамайтын тұстарын анық көрсеткен. Теріс пиғылдағы адамдар қасымызда жүрген де шығар, – дейді Қайрат Құдайберген.
Bugin.kz тілшісі режиссер ретіндегі еңбегі жоғары бағаланған Рүстем Әлпимен әңгімелесті. Жас режиссер ролигін адамның ізгілік жолындағы ішкі арпалысына арнаған.
“Уроборос” жақсылық пен жамандықтың айқасы деген мағынаны білдіреді. Түсіру барысында әсірелеу болды. Роликте экстремизм туралы мифтерге назар аударып, жақсылық жасау арқылы зұлымдықты жеңуге болатынын көрсетуге тырыстым, – дейді Рүстем Әлпи.