Weekend

Жастар Алматы қаласы туралы қандай пікірде?

Алматы - жастардың қаласы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Алматы – жастардың, соның ішінде студенттердің қаласы. Мұндағы университеттердің көптігі қалаға жыл сайын жастарды тарта береді. Еліміздегі үш мегаполистің бірі болғандықтан, қаланың инфрақұрылымы да айтарлықтай дамыған. Қалада студенттерге, жалпы тұрғындарға жақсы жағдай жасалған. Алматыға басқа қаланың жастары не үшін құмар? Олардың таңдауы неліктен Алматы болды? Назарларыңыз студенттердің ойында болсын.

Зейін Шанжархан: Алматыға кездойсақ келдім. Өз мамандығыма грантқа түсе алмадым. Содан кейін әкем бір күнде шешім қабылдап, білім алуға Алматыға жіберді. Оған дейін бұл қала мені қызықтырды. Ең бастысы табиғатымен... Грантқа түспесем, бұл қалаға келемін деген ой болмаған. Соның ішінде қара шаңырақ ҚазҰУ мені барынша қызықтырды. Осындағы орта қызық болды. Алматы -инфроқұрылымы дамыған мегаполис. Негізінде әлемдік деңгейдегі мегаполис емес, бірақ күннен күнге даму үстінде. Өзге қаладан келген студент үшін Алматы үлкендігімен басқа қалалардан ерекшеленеді. Содан кейін ғана табиғаты, ауа райы ерекше жағымды. Мұнда жаңбырлы, қалыпты температура... Мен үшін Алматы қаласы тарихи, мәдени орта іспетті. Бұл жерде көптеген тарихи әрі мәдени мәні бар ескерткіштер, «Жазушылар одағы» мекемесі, Желтоқсан оқиғасы болған жер, ақын-жазушылардың тұрған үйлері бар. Бұл қала атақты азаматтардың іздерінің қалуымен ерекше әсер қалдырды.

Ақтолқын Сәдібекова: Алматыға келуді оныншы сыныпта оқып жүргенде армандадым. Арманым уақыт өте келе жоспарыма айналды. Бұл қаладағы ҚазҰУ көзіме оттай басылды. Алматы жастардың қаласы, тынымсыз тіршілік. Мұнда алға қарай даму, жарқын болашақ бар. Сонымен қатар қаладағы кейбір жерлерде жүргенде өзіңді шетелде жүргендей сезінесің. Алматы айтарлықтай дамыған қала. Мұндағы оңай қосымшасы, қаланың үлкендігі, алып ғимараттардың көптігі мен қаланың ағаштармен көмкерілуі қалаға өзінше сән береді. Бұл қаланың табиғаты, ауа райы, адамдары барлық адамға жағатын шығар. Бірақ қала біршама орыстанып кеткен. Біздердің, студенттердің қалаға көптеп келуі – қаланы қазақиландыруға көмектеседі.

Дулатбек Кенжебек: "Алматы ең алғашқы махаббатым" - демекші кімнің болмасын бұл шаһарға бір бүйрегі бұрып тұрады. Оқу бітіріп, қалаға оқуға түсу жөнінде ойланғанда, Алматыдан басқа қала жаныма жақпады. Асқақ арманмен жоғары оқу орнына түсіп, Алма шаһарының ыстық ықыласына бөленіп, сезіміне қанық болдым. Алатау баурайын мекен еткен бұл қаланың қызығы мен шышығы жетерлік. Алматыны көптеген мүмкіндіктердің, соның ішінде шабыттың символы десек болады. Мұнда басқа қаладан оқуға түскен студенттердің таң қалысы мен қуанышы ерекше байқалады. Барлық әдебиет марғасқаларының бақ жұлдызын жаққан, әлемнің тікелей назары түсетін әсем қалада мен мекен етемін. Мен сонымен мақтанамын.

Жайна Сүйінбай: Неліктен оқу орнын Алматы қаласынан таңдадым? Біріншіден, мен Алматы облысының тумасы болғандықтан, үйіме жақынырақ болды. Сонымен қатар үйдің жалғыз қызы болғандығымнан ата-анам алысқа жібергісі келмеді. Екіншіден, Қазақстандағы көптеген жоғарғы оқу орындары осы Алматы қаласында болды. Үшіншіден, еліміздің барлық аймағындағы түлектер Алматы қаласына түседі емес пе? Сол себептен басқа қалаға оқуға түсу біртүрлі көрінді. Оған қоса туған-туыстарым да Алматы қаласында. Туыстарымыздың да балалары Алматы қаласында оқып жатыр. Бір жағынан осы дәстүрді де бұзғым келмеді. Дегенмен осы қалада, еліміздегі үлкен мегаполисте білім алып жатқаныма өкінбеймін.

Маулен Жексенбі: Алматы қаласы Меркіге жақын. Бірақ ол жағы қатты маңызды емес. Алматы сияқты мегаполистің тұрғыны болу кімнің де болсын ойын да бар дүние деп ойлаймын. Бұл қала кәдімгідей үлкен ғой. Алғаш келгенде "тар көшелерінен адасып қалмасам екен" деген ой келіп еді санама. Алғаш келген кезде мен үшін бұрын көрмеген адамдар, техника, ғимарат бәрі де таңсық болатын. Бір-ақ жыл өтсе де өмірді сүріп тастағандай ойланамын кейде. Көшеден адасқан мейлі, алып шаһар өмірлік жолымнан жаңылыстырмаса болғаны.