Спорт
WADA Ресейді төрт жылға Олимпиада ойындарынан шеттетті
Бұндай шешім қабылдауды WADA комитеті ұсынды. Мәліметтерге қарағанда, Ресейдің Допингке қарсы агенттігі допинг ережелерін бұзған.
Ресейде алдағы төрт жылда халықаралық жарыстарды өткізуге тыйым салынды. Ауқымды түрде өтетін турнирларға өзінің допинг дауына қатысы жоқ екенін дәлелдеген спортшылар ғана бейтарап түрде қатыса алады. Ресей құрамасы алдағы Олимпиадада бір тудың астында өнер көрсете алмайды.
Сонымен қатар Ресейдің Олимпиада комитетінің басшылығына төрт жыл бойы Олимпиада ойындарын көруге және оған қатысуға тыйым салынды.
«Барлығы күткеніміздей аяқталды. WADA комитеті барлық ұсынысты қабылдап, ортақ шешім шығарды. Айтылған шешімге қарсы шыққан немесе қарсы тарапқа қолдау білдірген ешкім болған жоқ», - деді Русада директорының орынбасары Маргарита Пахноцкая.
WADA-ның шығарған шешімі 21 күннен соң немесе апелляцияны Спорттық арбитраждық сот қарағаннан кейін заңды түрде күшіне енеді.
2015 жылдың қарашасында WADA Ресейді допинг ережелерін бұзды деп айыптаған еді.
WADA-ның таңдаулы жаңа басшысы (билікке 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап келеді) Витольд Баньканың айтуынша, бүгін маңызды шешім қабылданған. Бұл шешім кез келген тұрғыдан пайдасын тигізбек.
«Гюнтер Юнгер, Джонатан Тейлорға, жалпы осы істі зерттеген әрбір адамға алғысымды айтқым келеді. Олар мүмкін емес жұмысты тексерді. Менің ойымша, бүгін спорттың болашағы үшін допингпен күрес мәселесінде үлкен шешім қабылданды. Бұл шешім арқылы біз кінәлілерді жазалаймыз. Алайда бұған қатысы жоқ спортшыларға есігіміз ашық. Біз допингтен таза спортшыларды қорғаймыз, бұл – біздің міндетіміз. Жұмыс мұнымен аяқталған жоқ. Енді атқарушы комитеттің шығарған шешімінің орындалуын күтуіміз қажет», – деді Витольд Банька.
Ресей құрамасының биатлоннан жаттықтырушысы Ирина Громованың айтуына қарағанда, бұл оқиғаның болуы мен соған байланысты қабылданған шешім ыңғайсыздау болған.
«Біз Кореяда өткен олимпиада кезінде дәл осындай жағдайды басымыздан өткіздік. Сондықтан да бұл шешімнен ешқандай жаңалықты көріп тұрған жоқпын. Ресей билігі бізге айтады. Ал біз оны жай ғана орындаймыз. Моральдық тұрғыдан қарағанда, тусыз әрі әнұрансыз өнер көрсеткен ыңғайсыз болатыны анық. Алайда бұл біздің құрамның жеңіске жетуіне ешқандай кедергі келтірмейді», – деді Ирина Громова.
Ресейдің волейбол ойыншысы Любовь Соколова бұл оқиғаның ауыр тигенін ғана айтты.
«Бұл – адам сенгісіз жағдай. Тек спортшыға емес, ұйымдастырушаларға да келген бақытсыздық. Адамдардың жартысы жұмыссыз қалды. Жаттықтырушылар мен команда құрамындағы ойыншыларға, маркетинг тұрғысынан және волейболдың танымалдылығын арттыру жағынан болсын, бұл үлкен трагедия. Алда не болатынын, нені өзгертіп, нені түзеу керектігімізді мүлдем елестете алмаймын. Әзірге жанымдағы жайсыздық қана сезілуде» – деді Любовь Соколова.
Ласицкененің айтуынша, бұл оқиғаның барлық спортшыларды есеңгіреткені анық, алайда қарсы тараптан айтылған үкім оларға кедергі келтірмейді.
«Бәрі жақсы болады дегенге сенбеген едім. Бүгін болған оқиға – біз үшін ұят болды. Алдағы жоспар не болмақ? Өзім үшін күресіп, Олимпиадаға қатысу? Азаматтығымды өзгертуге ешқашан әрекет етпегенмін. Бұны қазір істеу де ойымда жоқ. Ресейлік спортшылар бейтарап болса да, мықты екенін дәлелдейді. Мен бұны соңғы жылдары істеп келемін» – деп парақшасында пікір жазыпты Ласицкене.