Weekend
Елбасы мәлім етті
Өзбекстан мен Қазақстан арасында жаңа қала пайда болуы мүмкін. Бұл туралы жыл қорытындысы бойынша еліміздің БАҚ өкілдерімен кездесу барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.
«Шавкат Мирзиёев Өзбекстанның басшылығына келгеннен бері жағдай мүлдем өзгерді. Ел халқының саны 33 миллионды құрады. Бұл, біздің арамыздағы (Орталық Азиядағы) ең ірі мемлекет болып саналады. Осы елмен қарым-қатынасты тереңдету біз үшін қажет. Көршімен байланысты нығайтпай қалай өмір сүруге болады?! Экономикалық тұрғыда пайдалы, алысқа тасымалдаудың қажеті жоқ. 1 млрд АҚШ долларға жетпей жүрген сауда-саттығымыз биыл 3 миллиард болады», - деді Елбасы.
Осы орайда Мемлекет басшысы Өзбекстан Республикасының Президентімен телефон арқылы сөлескенін еске салып, екі ел арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланғанын атап өтті.
«Биыл сауда көлемі 42 пайызға артты. Біз 5 миллиард АҚШ долларына жеткізу мақсатын қойып отырмыз», - деді Н. Назарбаев.
Президенттің сөзіне қарағанда, екі ел арасында көптеген салалардағы мәселелер бойынша уағдаластыққа қол жеткізу үшін мүмкіндік пайда болды. Қазіргі уақытта барлық көлік түрлерімен өзара сапарлау үшін инфрақұрылым жасалып жатыр.
«Қазақстан мен Қытай арасында «Қорғас» атты үлкен кешен салынып жатқанын білесіздер. Сондай кешен Өзбекстан мен Қазақстан арасында да болады деп санаймын. Екі жақтан өндіріс жасап, ол жерде жаңа қала пайда болуы мүмкін», - деді Мемлекет басшысы.
Дереккөз: Қазақпарат