Weekend
Қала имиджін өзгертуге бағытталған шаралар
Шымкент қаласы ТМД елдерінің 2020 жылғы мәдени астанасы атанғаны белгілі. Соған орай Шымкент қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту жəне архивтер басқармасы «Шымкент Достастықтың мәдени астанасы» атты мемлекетаралық бағдарламаны ұйымдастыруды көздеп отыр.
Басқарманың мәліметтеріне қарағанда, бағдарламаның ашылу салтанаты 2020 жылдың 21 наурызы күні өтпек. Сол күні салтанатты ашылуы өтіп, Наурыз алаңында мерекелік шеру, ТМД елдерінің фольклорлық би және музыка фестивалі ұйымдастырылмақ.
- Ашылу салтанатының қызу концерттік бағдарламасы Қазақстанның ұлттық байлығын көрсетуге мүмкіндік береді. Әр рәсімге тән тәртіп дәстүр бойынша өзгеріссіз қалады, бірақ әр нөмір Шымкент қаласының өзіндік ерекшелігінің көрінісі болады, - деп хабарлайды басқарма.
Ал 22 наурыз күні «Отырар» кітапханасында ТМД елдерінің жазушыларының кездесуі, 22-25 наурыз күндері «Жібек жолы» дәстүрлі және кәзіргі заманда қолданбалы сәндік көрмесі, ал 2-4 сәуір күндері ТМД елдерінің Сыртқы істері министрлерінің кездесуі өтеді.
«Шымкент – ТМД-ның мәдени астанасы-2020» кешенді бағдарламасы аясында 2020 жылдың 9 мамырында Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына орай ТМД елдері симфониялық оркестрінің концерті, сол күні әл-Фараби алаңында ТМД елдері өнер шеберлерінің концерті өтеді.
Ал 2020 жылы 19 маусымда ТМД елдерінің Опера және балет фестивалі, ал күзде "Еуразия жаны" эстрадалық әннің I Халықаралық фестивалі ұйымдастырылмақ.
Сондай-ақ, Қазақстандағы драма театрлардың фестивалі мен эстрада жұлдыздары қатысқан концерт сынды мерекелік шаралар да өтпек.
Ал 2020 жылдың қараша айында «Шымкент – Достастықтың мәдени астанасы» салтанатты шарасының жабылуы өтпек. Одан кейін 2021 жылғы ТМД-ның мәдени астанасы анықталады.