Weekend

Әз-Жәнібек ханның дулығасы АҚШ-қа қалай жетті?

Дулыға "Метрополитен" музейінде орналасқан

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Әлем астанасы Нью-Йорк қаласының орталығындағы 5 даңғылдың бойына орын тепкен «МЕТРОПОЛИТЕН» ӨНЕР МУЗЕЙІНДЕ орналасқан 2 миллионнан астам экспонатты көзбен көріп кетуге әлемнің түпкір-түпкірінен бір жылда 5 миллион адам келеді екен. Иә, рас! Құны 25 $ болатын билетті алу үшін бір сағат кезекте тұрдым. Құмырсқадай қаптаған туристер. (5 000 000 х 25 $ = 125 000 000 $ = 44 250 000 000 теңге. Билетті қолыңызға алған соң міндетті түрде мұражай картасын қалтаңызға салып алыңыз. Өйткені үлкен шаһардағы алып музейдің ішінде арнайы картасыз жүрсеңіз адасып кетесіз. Соңында сыртқа шығатын есік таппай сізде мұражайдың бір бұрышындағы экспонатқа айналып кетуіңіз әбден мүмкін.

 

Бұл жерде XIX ғасырда Еуропада өмір сүрген әйгілі қылқалам шеберлерінің туындылары бар. Винсент Ван Гог, Поле Гогене, Поле Сезанның сызып салған картиналарын көргенде көзің тынығып, миың демалып қана қоймай, өзге бір әлемде жүргендей боласың. Ал сурет өнерін "мен сияқты емес", шын түсінетін жандардың картиналарға тамсана қарап басын шайқап, астыңғы ернін тістеп тұрып терең дем алғанын көргенде өзіңмен өзің ұялып кетесің. Рас!

Ал музейдің «Ежелгі египет өнері» залына кірсеңіз тура «табыттар» әлеміне тап боласыз. Перғауындардың мәңгілік мекені тас табыт, ою-суреттермен көмкерілген ағаш табыт, мумияланған мысырлық азамат не азаматшаны көргенде денеңіз түршігіп кетеді.

Ежелгі грек, рим, ислам өнері залдарынан алған әсерім тіпті ерек. Сан ғасырлық тарихы бар музыкалық аспаптарды, гравюралар мен литографияларды, тас мүсіндерді көзбен көру бір бақыт. Ал енді мұражайда сақтаулы тұрған ең негізгі тарихи жәдігер мен бізге қатысы бар құнды бұйымдар туралы айтайын.

 

ӘЗ-ЖӘНІБЕКТІҢ АЙБАРЛЫ ДУЛЫҒАСЫ

 

Естеріңізде болса орыс тарихшысы Леонид Бабров «Алтын Орданы билеген Әз-Жәнібек ханның дулығасы АҚШ-тағы «МЕТРОПОЛИТЕН» өнер мұражайында сақтаулы тұр екен...» деген хабарды қазақ жұртына жеткізгенде аса мән бермеп едік. Ал Америкада Елбасымен бірге іссапарда болған ағамыз Дархан Қыдырәлі Facebook-тегі парақшасына дәлелді әрі дәйекті түрде: «...Күллі Дешті қыпшақ жұрты әулие тұтып, «Әзиз», «Әз» деп құрметтеген әйгілі Жәнібек xанның айбарлы дулығасы көзімізге оттай басылды...» деген Метрополитен мұражайы туралы жазбасын көргенде, мен өз басым таң қалдым. Мен ол кезде Нью-Йоркте едім. «Қолым бір қалт еткенде сол мұражайға міндетті түрде барамын...» деп жүргенде елге қайтатын уақыт таяды. Музей жайында қалды. Бірақ екінші рет АҚШ-қа табан тіреген бойда бірден Әз-Жәнібектің дулығасы сақтаулы тұрған алып ордағы бардым. Көрдім. Бірден Табылды Досымовтың 
«...Пақыры сатып тектісін

Батыры бассыз қалған жер...» деген өлең шумақтары миыма сап ете қалды. Кейін Ресейде бірнеше жыл жатқан Кейкі батырдың, бір кездері денесінен ажыраған Махамбет бабамыздың, орыс патшасының күлсалғышына айналған Кенесары атамыздың бас сүйектері ойға оралды. Бірақ XV ғасырдың ортасынан бастап Дештi Қыпшақтағы жаңа мемлекеттiң, Қазақ хандығы мен қазақ хандары әулетінің негізін қалаушы басқолсшының мұражайда басы емес «бас киімі» ғана тұрғанына іштей шүкір еттім. Бірақ менің бір таң қалғаным: бұл әскери бұйым Париждегі Луврда жатса бір жөн, мұхит асып Америкада қайдан жүр?! Негізінде Метрополитен - Мұражай қоры жеке кісілердің сыйға тартқан бұйымдарынан жинақталған. Әз-Жәнібектің дулығасы да 2007 жылға дейін АҚШ-тың қалталы коллекционерінің үйінде тұрған. Ал оны Тибет жерінен Америкаға алып келген Еуропаның саяхатшылары немесе саудагерлері деген дерек бар. Өзі темірден, қаптамасы күмістен жасалған дулығаның биіктігі 23, диаметрі 22 сантиметр. Жиегінде араб тілінде «Жеңімпаз сұлтан Махмұд Жәнібек хан» деген жазу бар. Профессор Леонид Бобров тарихи деректерді негізге ала орытып Әз-Жәнібектің дулығасы туралы былай дейді: «Бұл дулығаны сол замандағы кавказ және иран шеберлері жасауы мүмкін. Ал Тибет жеріне қайдан барды дегенге келсек, XVII ғасыр соңы мен XVIII ғасырдың бірінші жартысында оңтүстік-шығыс Қазақстан аумағына Батыс Моңғолия жерінде мекендеген ойраттар мен жоңғарлардың жиі шабуыл жасап тұрғаны тарихта белгілі. Сондай сәттердің бірінде олар бұл дулығаны қолға түсіріп, өздерінің діни көсемдері Далай Ламаға сыйға тартуы мүмкін”

 

 

Кейкінің басын қайтардық, Кенесарының бас сүйегін елге жеткізудің жолдарын көріп әлі жұмыстанып жатырмыз. Енді Әз-Жәнібектің дулығасын Қазақстанға алып келсек нұр үстіне нұр болар еді, ә?! Әлемнің қай мұражайында тағы да қай атамның басы не бас киімі шаң басып жатыр екен... «Атамның басы-ай...»

Қосымша: Кезінде Англияның королі болған VIII Генридің сауыт-сайманы да осы мұражайдың төрінде тұр.

 

Тәуірбек Бөзекенов. "Америка ТӘУІР екен".