Weekend
Туристтік қала
Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың назарына Шымкент қаласының велосипед желісін құру және дамыту бойынша 5 жылдық стратегия ұсынылды. Стратегияны «Shymkent» ӘКК» АҚ мен «Velocity» қоғамдық қоры Copenhagenize Dezign Company қатысуымен бірге әзірлеген.
Қала басшысына жобаны Copenhagenize Design Co компаниясының бас директоры Мортен Кэйблл таныстырды.
Жобаның негізгі мақсаты – қолайлы қала ортасын құру, жолдар мәселелерін жеңілдету, қала тұрғындарын салауатты өмір салтына тарту және туризмді дамыту.
Велостратегия 5 кезеңнен тұрса, бүгінде қалада оның 4 кезеңі аяқталған. Бұған дейін жасалған инфрақұрылымға бес жылдық жоспар бойынша 250 шақырым веложол салу жоспарланып отыр. Ал оның 50 шақырымын 2020 жылы аяқтау көзделуде.
Инвесторлардың айтуынша, аталған жоба жүзеге асса, бүгінгі таңда жұмыс істеп жатқан 40 велостанциядан бөлек тағы 50 станция құру көзделіп отыр.
Велосипед желісін дамыту бойынша ұсынылған жобаға әкім өзінің бірқатар ұсыныстарын айтып, төрт жолақты көшелерді қысқартып, оны веложол жасауға қарсы екенін жеткізді. Себебі, халқы тығыз орналасқан мегаполисте көлік кептелісі жиі орын алатынын және тұрғындарға қолайсыздық тудыратынын атап өтті. Сондықтан шаһар басшысы бес жылдық жоспарда веложолды ең алдымен жасыл белдеу аумағынан бастап салуды ұсынды.
Жиынды қорытындылаған Ерлан Қуанышұлы аталған велосипед стратегиясын қолдайтынын, жоба толығымен жүзеге асырылып және нәтижелі болу үшін арнайы жұмысшы топпен қайта қарауды айтты.