Woman
Тренд
Бойжеткендер батыстың киім кию үлгісіне көп еліктейді. Мәселен, қазір солардан келген тар шалбарды екінің бірі киеді.
Қыздардың ойынша, мұндай шалбар толықтықты жасырып, дене бітіміне сән беретін көрінеді. Дегенмен, Алла жаратқан мүсінін тар шалбармен жасыру мәселені шешпейді. Дәрігерлердің айтуынша, джинсы аяқты қысып, қан тамырларының жұмысына кедергісін келтіреді. Яғни, варикоз пайда болады. Сондай-ақ, сапасы нашар шалбарлардың теріге бояуы сіңіп, дерматиттің пайда болуы ғажап емес. Сондықтан тыртиған шалбардан аулақ болған жөн.
Тар шалбар түгіл, жыртық шалбарға да ешкім тосқауыл қоймай отыр. Өткенде қарындасыма киім алмақшы болып базарға келдік. Сауда сөрелерін аралап жүріп, ақыры біреуіне кірдік. Бір кезде қарындасым тізесі шұрқтесік шалбарды киіп көрсетті. "Тәйт!" деп тыйым салайын десем, бүгіндері бәрінің кигені сол. Жас қой, "сән" қуып, заманына сай киінгісі келеді.
Ештеңе дей алмадым. Оның үстіне ақшамды аяғандай боламын. Әйтеуір, сол ұнатқан шалбарын сатып әпергеніме қуанып қалды. Үйге келген соң әлгі киімін атасына көрсетіп еді, ол бірден үзілді-кесілді тыйым салды. Қайыршының баласы құсамай, бүтін киім кию керектігін айтып, ақылға шақырды да: "Міне, құлыным, жөндісін алып ки", – деп немересінің қолына ақша ұстатты.
Шынымен де, алба-жұлба киіну қайыршыға тән емес пе? Десе де, бойжеткендеріміз соны "трендке" балап жүр. Адамның жан дүниесін киім киісінен, жүріс-тұрысынан бағамдауға әбден болады. "Сырт көз – сыншы" демекші, аруларымыз жұрттың сөзіне қалмай, әр басқан қадамын қадағалап жүрулері тиіс.
"Адамның келбеті де, киімі де, жаны да, ойы да әдемі болуы керек" деп орыс жазушысы Антон Чехов айтқан екен.