Weekend

Маған ақыл айтпаң-дар-ш!

Нұртөре Жүсіп

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

- Тойдым. Ақыл айтқыштардан-ақ қалдым ғой бәлеге... Бітті. Маған ешқандай ақылдың керегі жоқ. Ешкімді де, ештеңені де тыңдамаймын. Өз күнімді өзім көрем. Өліп қалсам да өзім білем!..

Жұқалтаң өңді жас жігіт осыны айтты да отырған орындығын бір теуіп тұрып кетті. "Әй-әй, ой-ой, ей-ей" дескендерге пысқырған да жоқ.

Әншейінде қой аузынан шөп алмайтын бұл жігіттің жүйкесі неге жұқарды? Қарадай ытырынып, қайдағы бір мінез көрсетуіне не себеп? 

Себебін таптым. Өйткені адамға ақыл айту-оңай. Бұл - бір. Екіншіден, Ақыл деген су тегін. Жағың талып, аузыңнан ақ көбік аққанша айта бер. Егер ақыл айту, газеттерге көңіл айту бергендей ақылы болса, қазақ ақыл айтудан тартынар еді. Айтқан ақылың үшін тыңдап отырған адамға ақша төлейтін болсаң сен де дымыңды шығармас ең, бауырым.

Өзіміз бір істі жөндеп бітірмей жатып басқа біреуге ақыл айтуға құштармыз. Жөнімен айтқан ақыл болса мақұл, кейде ақыл айтқанның жөні осы екен деп айдалаға лағып, езіп, мыжып, көкмылжың сөздің көбігін сапырып, есі бар адамның өзін есекке теріс мінгізіп жіберетініміз бар ғой. Ақыл айтудан жүр жүзінде жарыс болса қазақ та қалыспас еді. Бәлкім, бірінші орынға да шығып кететін шығар...

Кейде ойлаймын: адамның тірлігі айтқан ақылға қарап тұрса, біздің қазақ жұмақта өмір сүрмес пе еді деп. Ақыл айтудан кенде емеспіз. Алға жылжып жатқан түгіміз жоқ. Қай жағыңа қарасаң да ақыл айтып отырған бір адам. "Алай ғыл, былай ғыл. Өйт, бүйт, сүйт!... "Ата-ана да баласына "адам болмайсың мал неме" дегеннен бастап күн ұзаққа ақыл айтумен болады. Өнеге көрсетіп, тым құрығанда бір істі жөндеп жүзеге асыруға келгенде шідерлеген аттай шоқырақтаймыз да қаламыз...

Әлгі жігіттің неге ашуланғанын, орындықты неге тепкенін енді түсіндім.Маған да, анаған да, оған да,бұған да құрғақ сөз, жалған ұран, көкмылжың ақылдың қажеті жоқ. Ақылың асып бара жатса, әуелі өз жөніңді жөндеп ал. Артылып жатса, өз басыңа шайнап жақ.

P.S. Немене, мына сөз ұнамады ма?

- Қойыңдаршы,осы! Маған ақыл айтпаң-дар-ш!..