Weekend

Иван Айвазовский: мәңгілік сұлулық

Әлемнің ұлы суретшілері

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Иван Айвазовский 1817 жылдың 17 шілдесінде (жаңа күнтізбе бойынша 29 шілде) Феодосиядағы армян отбасында өмірге келді. Оның аталары, түріктер жүргізген геноцидтан бас сауғалап, Батыс Армениядан Польшаға қоныс аударады. Суретшінің әкесі Константин (Геворг) Гайвазовский (Айвазяндар әулеті өз тектерін осылайша поляк мәнерінде атайтын) ХІХ ғасырдың басында Галициядан Қырымға өтеді. Уақытында оның саудасы табысты болды, бірақ 1812 жылы Феодосияны жайлаған оба эпидемиясы оның шаруасының қиюын кетіреді. Осыдан кейін отбасы кедейшіліке ұшырап, К.Гайвазовскийдің өмір сүру үшін феодосия базарында базар старостасы болып жұмыс істеуіне тура келеді.

Феодосияның армян шіркеуінің ашылуы мен шоқындырылуы жайлы кітабында болашақ кескіндемеші «Георг Айвазянның ұлы Ованес» деп жазылды. Бізге үйреншікті «орыстанған» фамилисын ол 1840 жылдан бастап қана өз жұмыстарына жаза бастайды. Суретшілікке бала кезден әуестенген ол қағілез әрі ойшыл болып ер жетеді. Қарапайым қала балаларының өмірінен ерекшеленбеген Ониканың өмірінде оның жұмысын қала басшысы А.И.Казначеев көрген сәттен бастап түбірлі өзгерістер орын алады. Казначеев – үлкен мәдениеттің адамы, әрі Пушкиннің жақын танысы болатын. Сол уақыттарда Таврида губерниясының губернаторы атанған, дәл осы Казначеевтің арқасында Айвазовский 1830 жылы симферополь гимназиясына, оны тәмамдағаннан кейін Петербург Сурет Академиясына түседі (1833 жылы).

Ұстаздарына келер болсақ, Айвазовскийдің бұл жағынан жолы болған еді. Ол оқыған сыныпқа танымал пейзажист М.Воробьев жетекшілік етті. Көп ұзамай Айвазовский өзіне, 1835 жылы Италиядан туған еліне оралған Карл Брюлловтың назарын аударады. Осыдан бір жыл бұрын сурет Академиясында көрсетілімге шыққан « Помпейдің соңғы күні» туындысы, жас Айвазовскийдің қызығушылығын тудырған болатын. Көп ұзамай ол Брюлловтан, Глинки мен Кукольниктен құралған айрықша бауырластықтың ажырамас бір мүшесіне айналады. Көпшіл, өткір ойлы, көрікті Айвазовский адамдармен тез тіл табысатын. Оның таныстарының қатарынан – Пушкин, Крылов, Жуков сынды, сол замандағы орыс мәдениетінің озық адамдарын көруімізге болады.

Оның академиялық табыстары күмәнсіз еді. Теңізді бейнелеуді ол осы академияда жүріп бастаған- ды. Алғашқы марапаттары да осы теңіз этюдтарымен байланысты болатын. 1838 жылы Үлкен алтын медальға лайықты деп танылған Айвазовский, 2 жыл Қырымға өзіндік жұмыс жасау үшін жіберіледі. 1839 жылы генерал Н.Н.Раевский суретшіге, Қара теңіз флотының кавказ жағалауларында жүргізгелі жатқан десанттық операцияларына қатысуды ұсынады. Айвазовский үш мәрте жүзуге қатысып, өзінің батальдық кескіндемесін өмірге әкеледі. Осы теңізде ол, болашақ танымал адмиралдар М.Лазарев, В.Корнилов, П.Нахимовпен достық байланыс орнатады.

1840 жылы Айвазовский «өз шеберлігін әрі қарай дамыту» мақсатында зейнеткерлік іссапармен шетелге кетеді.

Италияда жүрген жылдары ол үлкен табыстарға жетіп, еуропалық кескіндеме өнерінің алдыңғы қатарлы өкіліне айналады. Италияда Айвазовский Гогольмен танысады. А.Иванов ол жайлы: «Бұл жерде суды ешкім мұншалық тамаша бейнелей алмайды» деген лебізін білдіреді. «Айлы түндегі Неополитан бұғазын» көрген Ұлы Тернер, ол жайлы өлең шығарып, Айвазовскийді гений деп атайды. 1843 жылы Айвазовский француз академиясының алтын медальімен марапатталған сәтте, О.Верне оған: «Сіздің талантыңыз Сіздің отаныңыздың даңқын асырады» деген сөздерін арнап, кескіндемешінің еуропалық қайраткерлігінің мән-маңызын дәл меңзейді. Біраз уақыттан кейін, яғни, 1857 жылы Айвазовский шетелдік суретшілердің ішінен алғашқылардың бірі болып – француздық Құрмет легионы орденінің кавалері атанады.

1844 жылы Айвазовский Ресейге оралады. Келе салысымен оған академик атағын беріп, Бас теңіз штабының қатарына алады. Бірақ, петерборлық өмір суретшінің жанына жақпады. «Көктемнің лебі сәл сезілсе болды, мені Қырым мен Қара теңізге тартып тұрады» дейтін ол. Келесі жылы ол Феодосиядан жер телімін сатып алып, үлкен шеберханасы бар үй салады. Көп ұзамай , басшылықтан рұқсат алған ол, петерборлық тұрғындардың таңдаснысына орай, астананы тастап, Феодосияға көшеді.

Айвазовскийдің үйленуі Петербург қонақ үйлеріндегі шулы әңгіменің тағы бір себебі болды. Ағылшын қызы Юлия Гревске құлай ғашық болған суретші, өз сөзі бойынша «екі аптада» бәрін тындырдым деді. Дегенмен, өзінің атағы, дәулеті мен сымбатты тұлғасына қарап ақсүйек тұқымынан да қыз алуына болатын еді. Ағылышан қызымен болған некеден 4 қызы өмірге келеді. Алғашында отбасылық өмір берекелі болғандай еді. Тіпті, Юлия Гревс 1853 жылы Феодосияға жақын маңда Айвазовскийдің қатысуымен жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарына да белсене қатысып ерінің қызығушылығын бөлісетін. Ал археологиялық қазбалар бір сөзбен айтқанда, табысты болған. Суретшінің қолымен табылған б.э.д. ІVғ. Жасалған алтын бұйымдар, бұл күнде Эрмитажда сақтаулы. Осыдан біраз уақыт өткеннен кейін отбасының шаңыраға шайқала бастайды. Айвазовтың жары шалғай түкпірдегі көңілсіз өмірден тез жалықты. Суретшіге 11 жыл серік болған Юлия Яковлевна, Айвазовтан ажырасып Одессаға кетіп қалады. Жұптың алдағы қарым-қатынасы ауыр жағдайда болды: Юлия Яковлевна Айвазовтың үстінен патшаға шағым түсіріп, оның қыздарымен араласуына кедергі жасайды. Дегенмен, суретшінің келесі некесі сәтті болады. 1882 жылы ол феодосиялық коммерсант қызы Анна Саркизовнаға үйленеді. Анна Никитична Айвазовтан 40 жас кіші болса да, оған сенімді серік пен сырлас бола білді. Феодосияда суретшіні «қала әкесі» ретінде құрметтейтін. Ол Феодосияда темір жол салуды талап етті, тарихи-археологиялық мұражайдың ғимаратын тұрғызды, картиналық галереяның негізін қалады, қаладағы ауыз су мәселесін шешті.

Ол: «Туған қаламның халқының жыл сайын ауыз су жоқтығынан шегетін азабына бұдан ары қарап тұра беруге дәтім шыдамады. Мен оларға тәулігіне 50 мың шелек су беретін, өзіме тиесілі Субашск бастауын сыйға тартамын»,- деген болатын. Айвазовтың бастамасымен ашылған «Жалпы сурет шеберханасынан» Л.Лагарио, М.Латри, А.Феслер, К.Богаевский, М.Волошин және т.б. шеберлігін шыңдады. Суретші әлемнің түкпір-түкпіріне жиі саяхатқа шығатын. Бірақ, әрқашан да туған қаласы Феодосияға оралып отырды. П.Третьяковқа жазған хатында: «Менің мекен-жайым қашан да Феодосия»,- деп, туған жеріне деген ыстық лебізін білдіреді.

Орыс кескіндеме өнеріне реалистік мектептің дәуірі келген кезде, романтикалық стилистикада жұмыс жасауды жалғастырған Айвазовскийдің шығармашылық позициясы біршама тұрақсыздау болды. Бірақ, Айвазовский қартайды, ол өзін-өзі қайталауда деген жалаң ұрандар қатты шыға бастаған кезде, суретші бұл сөздің бәрін жоққа шығаратын жаңа картиналарын ел назарына ұсынатын. Олардың қатарында «Кемпірқосақ», «Қара теңіз», «Толқындар арасында» сынды шедеврлері бар.

Айвазовскийге айтарлықтай табыс түсірген көрмелері бірінен-бірі болып жатты. Өткізген көрме саны бойынша (жалпы саны 120 көрме) ол Ресейлік қана емес әлемдегі рекордшы десек болады.

Оның өмірінің ақтық сәттері ерекше болды. Өзінің еңбек пен табысқа толы өмірін еске алған ол, «Бақыт маған жымия қарады» деген еді. Айвазовский 1900 жылдың 19 сәуірінде (жаңаша 2 мамыр) бақилық болады. Мүрдесі ежелгі армян храмының жанына қойылған.

 Чесмен шайқасы

1844 жылы «Бас теңіз штабының кескіндемешісі» болып тағайындалған Айвазовский, солтүстік орыс порттарының түрін жасау мен әрі тарихи батальді кескіндемемен айналысқан. Орыс теңізшілернің жеңістері оны әрқашан таңдандыратын. Айвазовскийдің орыс флотымен достығының терең болғандығы сонша, суретші 1846 жылы өзінің шығармашылық қайраткерлігіне 10 жыл толуын атап өтер сәтте, оны Феодосияда болашақ Севастополь қорғанының батыры, В.Карнилов басқарған бүтін эскадра қарсы алады.

«Чесмен шайқасы» атты әсерлі картина, көрерменге 1768- 74 ж.ж. орыс-түрік соғысының маңызды эпизодтары жайлы сыр шертеді. 1770 жылы біріккен орыс  эскадрасы Чесмен қойнауында сол замандағы үздіктердің бірі саналған түрік флотын қоршауға алып, 26 маусым күні оларды толығымен талқандайды. Түріктер бұл шайқаста 10 мың сарбазын жоғалтса, орыстар небәрі 11 адамынан айрылады. Бұл жеңіс жайлы флот қолбасшысы граф А.Орлов ІІ Екатеринаға жазған хабарламасында: «Біз дұшпан флотын шабуылдадық, қираттық, талқандадық, өртедік, аспанға аттық, күл-талқан еттік: ал өзіміз күллі архипелагтың әміршісіне айналдық» деп айтады. Осы шайқастан кейін орыстар Дарданеллге бақылау орнатады.

 

Кемпірқосақ

1860 жылдардан бастап Айвазовскийдің әлемді шынайы бейнесінен «көшірмейтін», керісінше оны еске түсіру арқылы өмірге келетін, тіпті құрастыратын «импровизациялық» салу мәнері, негізін 1860-70 жылдар аралығындағы Көшпелі сурет көрмелерінің жолдастығы қалаған орыс кескіндеме өнерінің жаңа тенденцияларымен көзқарас қайшылығына тап болады. Қозғалысшылар қатаң реализмді насихаттап, романтикалық – әсерлі кенеп-маталарға әлеуметтік маңызды жұмыстарды салуды жөн санады. Дәл осы уақыттарда сыншылар Айвазовскийдің дарыны сарқылды, ол өзін-өзі қайталауда, тіптен толқыннан басқа ештеңе сала алмайды деп ашық айыптай бастаған еді. Бұл жөнсіз кінәлауларға жауап суретші шығармашылығындағы жаңа кезең басталғандығын білдірген «Кемпірқосақ» картинасы болды. Бір жағынан қарағанда біздің алдымызда Айвазовскийдің кезекті «қираған кемесі». Бірақ, басқа тұрғыдан қарасаң бұл туынды оның бұрынғы «қираған кемелері» мен «толқындарына» еш құсамайды. Ол өз принциптерінен бастартпастан, оларды осы жұмысында терең өңдеуден өткізеді- бұл әсіресе кенеп-матаның түстік шешімдерінен байқалады.

 

Қара теңіз

Бұл кенептің сыртқы реализмінде терең метафизика жасырынған. «Теңіз» бен «аспан» - міне осы екеуі бұл картинаның бас қаһармандары. Сюжет – олардың кереғарлығы мен бірлігне құрылған. «Қара теңізді», бір-бірін  ырғақты түрде ауыстырып тұратын толқындарда сырттай пайда болатын және әлемнің мәңгілік үндескен деміне жауап беретін әлдебір алмастыруға келмейтін ырғақпен ерекшеленеді. Суретші картинаны алғашында бірнеше атаумен көрмеге қояды: «Қара теңізде толқындар теңселе бастауда». Аз уақыттант кейін ол картинаның баяндамалық атын қысқартып, ойды қысқа әрі нақ жеткізетін «Қара теңіз» деген атау береді. Осы арқылы суретте теңіз дауылының реалистік сонымен қатар жалпылама бейнесін беруге деген ұмтылысын көрсетеді. Бұл картинаның үлкен табынушыларының бірі И.Крамской болатын. Ол тіпті өзінің танымал туындысы «Жұбатусыз қайғы» картинасыныдағы бас кейіпкердің арқа тұсына осы картинаны орнатып, оның көңіліндегі қайғының «айнасын» жеткізуге тырысады. Айвазовскийде «феноменалды заттар бар – мәселен, «Теңіз» секілді. Бұл картина мен білетін ең күрделі туындылардың бірі» - дейді өз сөзінде Крамской. 

 

Толқындар арасында

Айвазовскийдің бұл еңбегін 82 жасында салғаны адам сенгісіз дүние. Бұл жерде кәріліктің себебінен қартайған қолдардың әлсіздігі мен шаршаңқылықты байқамайсыз, керісінше, картинаның қуатты музыкасы көрерменді баурап алады. Бұл картина суретшінің қолынан туындаған ұлы образ «Қара теңіздің» кезекті сериясы болды. Алдыңғысында – толқын басталады, екіншісінде – толқын тулайды. Монохронды деуге келетін Айвазовскийдің кескіндемесі, тіптен, бірыңғай болып көрінбейді – ол бір тылсым түспен ішітей жарқырап, ерекшеленіп тұрғандай сезіледі. Осы сәтте бұл картина өмірге келмей тұрып Достаевскийдің суретшіге арнаған: «Айвазовскийдің толқындары естен тандырарлық әдемі, бұл жерде оған тең келетін ешкім жоқ. Оның толқындарында адамды мас қылатын мәңгілік сұлулық бар»,- деген сөздері еріксіз еске түседі. Бұл туындысын өмірінің соңғы екі жылында өткізген көрмелерінің бір де біреуіне қоймағанына қарағанда, суретші бұл алып картинасынан өзінің шығармашылық өсиетін көрген болса керек.

 

Тоғызыншы вал

Суретшінің бұл туындысы бүткіл әлемдегі теңдессіз туындылардың бірі. Картина 1850 жылы Мәскеуде өткен көрмеге қойыла салысымен, көрермендер ішінде кеңінен танымалдыққа ие болды. «Тоғызыншы валды» көргісі келетіндердің қатары сиремеді, тіпті, көпшілігі оны қайта тамашалау үшін кезекке тұрды. 16 жыл бұрын, Брюлловтың «Помпейдің соңғы күні» атты туындысымен де осындай жағдай болған еді. Жалпы, көпшілік Айвазовский академиядағы соңғы күндерін басқа шебердің жанында өткізссе де, оның тікелей ұстазы деп Брюлловты атайды. Бұл картинаның Брюлловтың «Помпейімен» көптеген туыстығы бар – бұл екі картина орыс романтизмінің қайталанбас туындылары болып табылады. Көп ұзамай романтизмнің орнына өмірдің шындығын бейнелейтін туындылар келді. Жаңа өлшемдер, жаңа көзқарас романтик Айвазовскийге аз қиыншылық тудырған жоқ, дегенмен, оның апологеті В.Стасовтың өзі «теңіздің суретшісі Айвазовский, өзінің тумысымен, болмысымен теңдессіз суретші болатын» деп әділ баға берген.

 

художественная галерея

Аударған: Димаш Мұхамеджан

Runa academy