Экономика

Экономикалық даму: Алматы өңірлік өнім көлемі бойынша көш бастап тұр

Ел экономикасының дамуына үлес қосушы өңірлер анықталды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстанның экономикалық дамуына үлес қосушы бес өңір анықталды. Бұл туралы Ranking.kz мамандары айтып өтті.

Олардың айтуына қарағанда, Алматы еліміздің экономикасына қосқан үлесі бойынша алдыңғы орынға шықты. 2018 жылы өңірлік өнім есептелді. Қорытынды бойынша жалпы өңірлік өнім 12,1 триллион теңге. Бұл қаржы Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің 19,6%-ін құрайды. Қалада сауда мен туризм жақсы даму шараларын жүргізіп келеді. Бұрынғыға қарағанда дамып та қалғаны байқалады. Өткен 10 айдың қорытындысына қарасаңыз, қала экономикасының барлық саласынан алға жылжуды көре аласыз. Өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 780,2 миллиард теңгені құрады. Көрсеткіш бір жылда 5,1% өсіпті. Негізгі капиталға салынған инвестиция 6,8% артты. Ол 609,9 миллиард теңге болды. Бір жыл ішінде бөлшек сауда 11,8%, көтерме тауар айналымы 1,3%, құрылыс көлемі 3,2%, тұрғын үйді пайдалануға беру 8,8% өсті. Алматы тұрғындарының табысы да артты. Жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша 7,4% ұлғайып, 234,9 мың теңгені құрады. Үшінші тоқсанда қала халқының жұмыс істейтін тұрғындарының саны 936,7 мың адам болды.

Екінші орынға Атырау облысы жайғасты. Өңірлік өнім - 7,8 триллион теңге. 2019 жылдың бірінші тоқсанында ол 4,2 триллион теңгені құрады. Бұдан көрсеткіштің 6,3% өскенін байқауға болады. Облыстың өңірлік өнімінің 2 триллион теңгесі тау-кен өнеркәсібіне тиісті. 2019 жылдың 3-тоқсанында облыста 319,2 мың адамның жұмыс істейтіні анықталды. Ал жылдың екінші тоқсаны кезінде өңір тұрғындарының орташа табысы 153,7 мың теңгені құрады.

2018 жылы мемлекеттің жалпы ішкі өнімінің 6,7 триллион теңгесі Нұр-Сұлтан қаласының экономикасына тиесілі болды. Елордадағы басты салалардың – құрылыс, сауда және өнеркәсіп екені белгілі. Қалада 2019 жылдың 10 айында өнеркәсіп өнімі 11,6% артты. Ол жалпы алғанда 567,3 миллиард теңге болды. Ал капиталға салынған инвестиция 708,3 миллиард теңгені құрады. Тұрғын үй құрылысына салынған инвестиция бір жылда 13,5% көбейді. Оның көлемі 247,6 миллиард теңге болды. 3-тоқсанның аяғында Нұр-Сұлтанда 552,3 мың адам жұмыс істейтіні анықталды.

Қазақстанның экономикасына қосқан үлесі үшін Қарағанды және Маңғыстау облыстары да үздіктер қатарынан көрінді. 2018 жылдың қорытындысына қарағанда, Қарағанды облысына елдің жалпы ішкі өнімінің 7,7%-і, Маңғыстау облысына оның 6,2%-і тиесті болды.

Ranking.kz талдаушыларының мәліметіне қарағанда, 2019 жылдың 10 айында еліміздің жалпы ішкі өнімі 4,4% өсті.