Weekend

12 желтоқсан кинопремьералары

Қазақтың Әбунасыры Голливудтың Дуэйн "Жартасымен" бәсекелесе ала ма?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Джуманджи» блокбастері бастаған премьералар қатарында екі отандық фильм де бар. Біреуі хайп қуған қарт туралы комедия болса, екіншісі – Америкада түсірілген, бірқатар фестивалдерге қатысып келген драма.

«Джуманджи: Келесі кезең» Джуманджи: Новый уровень» / «Jumanji: The Next Level») [12+]: Дуэйн Джонсонның қатысуымен түсірілген қызық оқиғалы фэнтези. Крис Ван Оллсбургтың шығармасына негізделген картина 2017 жылы шыққан бірінші бөлімді жалғастырады.

Естеріңізге салайық сюжеті «Джуманджи» деген сиқырлы ойын төңірегінде өрбиді. Өткен серияда осы сиқырлы ойынның әлеміне тап болған жасөспірімдер туралы баяндалған еді. Екінші бөлімде жоғалып кеткен достардың біреуін құтқару үшін қалғандары ойынға қайта оралады. Енді Джуманджидің ережесі бұрынғыдай емес - көп нәрсе өзгерген. Аман қалу үшін достар ойынның әлі ешкім аяқ баспаған түкпірлеріне саяхат жасайды.

«Аташка на хайпе» [14+]: Басты рөлде Әбунасыр Серіков ойнаған отандық комедия. Режиссері - Әнуар Матжанов («Қазақша бизнес Африкада»).

Фильм Тұрсын Амангелдіұлы деген зейнет жасына келіп қалған қарапайым оқытушы жайында. Оның студенттерінің бірі - әлеуметтік желілердің жұлдызы Күміс Күтібаева. Студент қыз оны надан қария деп тіл тигізеді. Қарт осыдан кейін интернетте танымал бола алатынын, ол да жасына қарамай жақсы ақша таба алатынын көрсеткісі келеді.

«Еркін» («Свободный» / «El Freeman») [14+]: Америкада түсірілген қазақстандық режиссердің туындысы.

Елжас Рақымбеков (лақап аты Михар Сажле) және Антонио Чавес түсірген дебюттік фильм Лос-Анджелесте америкалық биліктен жасырынып жүрген иммигранттың өмірі туралы баяндайды. Картинаның басты кейіпкері Эл есімді жігіт өз көлігінде түнеп жүріп, жүк тасушы болып жұмыс істейді. Сондай-ақ ол досы Артурмен бірге кілттердің көшірмесін жасап, компанияның бұрынғы клиенттерін тонап, күнін көреді. Бір күні олар бай, бірақ жалғызбасты Амбассадор есімді қариямен танысады...

Картина былтыр екі бірдей америкалық кинофестивалге қатысқан: Hollywood Film Festival және IFS (Independent Filmmakers Showcase) Los Angeles Film Festival фестивалдері. Ал Мадридте өткен халықаралық кинофестивальде бұл фильм «Үздік режиссерлік дебют» жүлдесімен марапатталған.

«Арман фабрикасы» («Фабрика грёз» / «Traumfabrik») [12+]: Германияда түсірілген романтикалық комедия.

Фильм оқиғасы 1961 жылы өтеді. ГДР-де тұратын жас студент ұлты француз ғашығымен қосылғысы келеді. Алайда екеуінің арасын жақында тұрғызылған Берлин қабырғасы бөліп тұр.

«Курьер» («The Courier») [18+]: Ольга Куриленко мен Гари Олдман түскен экшн-триллер.

Оқиға түнгі Лондонда жүйткіп жүретін қара мотоцикл мінген курьер қыз туралы. Оның есімі ешбір базада жоқ, ірі қалада оны көше камерасымен ұстау мүмкін емес. Курьер атақты қылмыс серкесінің жоспарына тосқауыл болмақ ниетімен оның нысанасына ілігеді.

Сондай-ақ прокатқа шыққан басқа фильмдер:

- «Есек патша» («Царь зверей» / «The Donkey King») - Пәкістанда жасалған анимациялық картина;

- «Мосли» («Тайна Мосли» / «Mosle») - жаңазеландиялық мультфильм.

- «Рублевка полицейі. Жаңажылдағы бассыздық 2» / «Полицейский с Рублевки. Новогодний беспредел 2» - Ресейдің ТНТ арнасында көрсетіліп жүрген сериалдың толықметраж жалғасы.