Авторлық ертегі

«Алтын адам» ертегісі

Авторлық ертегі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ерте, ерте, ертеде жер бетінде көп ел өмір сүріпті. Олардың ішінде "Қараңғылық" деген ел болыпты. Ол елде көзге ештеңе көрінбепті. Олардан басқа елдерде жарық болыпты. Бұл елді Нұрлы деген хан басқарыпты. Ханға қараңғы жерде өмір сүру ұнамапты. "Менің елім қараңғы жерде өмір сүргендіктен  ештеңе көрінбейді. Елімді бұл қараңғылықтан қалай құтқарамын?" деп көп ойланып жүріпті. Ханның бес баласы болыпты. Бір күні Нұрлы хан балаларын жинап былай депті:

- Біздің еліміз қараңғылықта өмір сүріп жатыр. Кімнің ақылы мен байлығы көп болса, сол адам ғана осы елімізді қараңғылықтан құтқара алады. Әрқайсысың алдыма келіп маған байлықтарың мен ақылдарыңды көрсетіңдер депті.

Сонда ханның үлкен ұлы теріден тігіліп, қымбат тастармен әшекейленген шалбары мен өкшелі саптама етігін көрсетіп:

- Міне, әке, менің байлығым. Ал кім бай болса, сол ақылды болады. Елімізді қараңғылықтан мен құтқара аламын, - депті.

Екінші ұлы күміспен бедерленген ер-тұрманын көрсетіп:

- Әке, менің бар байлығым - осы. Менің осы заттарымды көрген адамдар ақылым мен байлығымның алдында бас иеді. Елімді қараңғылықтан құтқаратын тек мен ғанамын, - дейді.

Ханның үшінші баласы алмас қылышын көрсетіп:

- Менің осы алмас қылышымды көрген адамдар маған бас иетін болады. Кім бай болса, сол ақылды. Елімді қараңғылықтан мен құтқара аламын.

Ал ханның төртінші баласы былай депті:

- Менің от жалынды жылқым бар. Ол жылқыға мініп, әлемнің кез келген жеріне барып, басқа елдерден жарық әкелуге болады. Елімді қараңғылықтан мен құтқарамын. 

Нұралы хан төрт баласының сөзіне көңілі толмай, ең кіші баласына қарап:

- Балам,сен неге үндемейсің? Ал сен қандай байлығыңмен және ақылыңмен елімізді құтқара аласың? - депті.

Сонда ханның кенже баласы:

- Менде қымбат шалбар мен саптама етік те, ер-тұрман да, алмас қылыш та, от жалынды жылқы да жоқ. Тек жақсылықты көретін екі көзім бар, елге көмек беретін екі қолым бар, ақыл-кеңес тыңдайтын екі құлағым бар, ақиқатты айтатын тілім мен қайрат пен жігерге толы нұрлы жүрегім бар, - депті. 

Сонда Нұралы хан кенже баласының жауабына риза болып былай депті:

- Біздің баға жетпес байлығымыз - бабаларымыздан қалған ұлан-байтақ жеріміз. Ал асыл қазынамыз - береке мен бірлігі жарасқан халқымыз. Елімізді қараңғылықтан құтқару сенің қолыңнан келеріне сенемін, - деп Нұрлы хан тағына кенже баласын отырғызып, ел басқару жұмыстарын кенже баласына тапсырады. 

Елді сол күннен бастап кенже баласы басқарыпты. Ақылдылығы мен еңбекқорлығының арқасында ханның кенже баласы елін қараңғылықтан құтқарып, бейбітшілік заман орнатыпты. Содан бастап ханның кенже баласын құрметтеп, оны "Алтын адам" деп атап кетіпті.

                                                                      Назибекова Аружан Дамирқызы

                                                                      Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы

                                                                      Байл.телефоны: 87759876650