Weekend
Отбасы
Өмірдің ащысы мен тұщысына мойымаған әке-шешелеріміздің некесінің беріктігіне қайран қаламын. Сол кездері ажырасу деген аз болушы еді ғой. Тіпті, "Бәленшенің баласы айырылысып жатыр" деген сөздің өзі құлаққа түрпідей тиетін.
Ал қазір той үстінде шат күлген жас жұбайлар көп уақыт өтпей-ақ ажырасып кетеді. Кеше ғана тойда бақыт құшағында шалқып жүрген жұптың ертеңгі күні жолы екі айрылғанына таңғалмайтын болдық. Сүйіп қосылған қос жүректің бір-біріне деген ыстық сезімдерінің тез сууына кім кінәлі?
Елімізде шаңырағы шайқалып, ойраны шыққан отбасылардың саны жылдан-жылға артуда. Статистика комитетінің мәліметінше, Қазақстанда 2007 жылы 36 мың жұп ажырасса, 2017 жылы 54 мың ерлі-зайыпты сыйластық жібін үзген.
Психолог мамандар жас жұбайлардың ажырасуына әртүрлі себеп түрткі болатынын айтуда.
- Шектен тыс қызғаншақтық, жоқшылық, туған-туыстармен тіл табыса алмау, маскүнемдік – мұның барлығы жаңа отау құрған екі жастың шаңырағының шайқалуына себеп болуда. Десе де, басты себеп – олардың отбасын құруға жауапсыздықпен қарап, асығыс үйленуі. Жастар "Үйлену оңай, үй болу қиын" деген тәмсілдің мән-мағынасына терең бойлай бермейді. Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайтыны тағы да белгілі. Оның үстіне қазіргі жастар тым ерке. Ұлдар да, қыздар да басынан сөз асырғысы келмейді. Бірін-бірі тыңдамаған соң іс насырға шауып, ұрыс-керіске ұласады. Ақырында, жастар ажырасып тынады, – дейді біз сөзге тартқан психолог Ғалия Есімсейітова...