Woman
15 жасар Томиристің рөлін сомдаған актриса, әнші
"Томирис" фильмінде жауынгер Тұмар ханшайымның бойжеткен шағын сомдаған Салтанат Серкебаевадан сұхбат алған едік.
- Салтанат деген кім?
- Ең алдымен, Төлен мен Кенженің қызы, тұңғышы. Әпкем мен сіңлім бар. Ал мамандығым бойынша - биотехнологпін.
- Жақында «Томирис» фильмі прокатқа шықты. Бұл ауқымды, маңызы зор жобалардың бірі. Сізге бұл жоба не берді?
- Бұл жоба мен үшін ерекше болды. Себебі кино әлеміндегі ең алғашқы қадамым, ең алғашқы рөлім. Қаншама білікті, тәжірибелі актёрлармен, керемет адамдармен таныстым. Режиссёр Ақан Сатаевпен жұмыс жасадым. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды. Мен бала кезде жаужүрек, батыл бір патшайымның рөлін сомдасам деп армандайтынмын. Бірақ дәл осы Томиристің рөлін сомдайтынымды білген жоқпын.
- Бір сұхбатыңызда айтып едіңіз, сіз кастингке таңдалған кезде сізге шашыңды бояма, қасыңды жұлма деген сияқты бірнеше талаптар қойылған. Осы рөлге таңдалу үшін тағы қандай талаптар болды?
- Ең басты талап - ешкімге жарияламау болды. Фильмдегі кастинг директор Жанна Әбдиева деген кісі кастингтен өткеніңді ешкімге айтпа деп талап қойды. Ал негізі осыған дейін мен қасымды жұлмайтынмын. Яғни, өмірде жұлып көрмегенмін. Өйткені өзім шынайылықты ұнататынмын. Сол маған үлкен көмегін тигізді. Шашыңа тиіспе дегені, шашым ұзын болды. Оған дейін шашыма бояу тигізіп көрмеппін. Ал фильмге келген кезде бояуға тура келді. Зерттеулер бойынша Томиристің сол замандағы шаш үлгісі ақшылдау түс болған екен. Режиссёр, кастинг директорынан фильмге шашымды боямай түсуге мүмкіндік барын деп сұрадым. Бірақ ондағы басты талап - шынайылық екенін айтты. Сондықтан шашты бояуға тура келді.
- Кино үдерісіне келейікші. Түсірілім барысында қандай қызықты оқиғалар мен қиындықтар болды?
- Фильмнің алдында мен атқа ешқашан отырмағанмын. Қалада өскен қызбын. Қылыштасу, садақ та атып көрмегенмін. Осы фильмге келген соң, атқа отырып, ат үстінде шауып бара жатып қылыштасуды, садақ атуды «Номад» каскадерлер клубы үйретті. Және біз бір ай көлемінде үлкен физикалық дайындықтан өттік. Түсірілім алаңындағы қиын сәтке келетін болсақ. Фильмде бір сәт бар, мен аспанға қарап ант беретін. Сол сәт маған ауырлау болды. Себебі аспан ашық, ал режиссёрдің талабы бойынша аспанға ұзақ уақыт қарап жату керек. Ал физикалық тұрғыда ол ауыр. Мысалы, біз күнге ұзақ қарай алмаймыз ғой. Ал ол жердегі талап, оған жай ғана қарап қоймай, сөздеріңді жатқа айтасың. Дайындық кезінде түсірілім алаңында бір рет аттан құладым. Барлық түсірілім алаңы мен үшін уайымдап қорықты. Бірақ ешнәрсе болған жоқ. Дайындықтан өткен кезде каскадерлер бізді осындай жағдайларға дайындады. Егер құласаң, байбалам салма дейтін.
- «Ұлан» газетінде берген сұхбатыңызда барлық трюкті өзіңіз жасағаныңызды айтып едіңіз. Өміріңізді қауіпке тігуге қорықпадыңыз ба?
- Менде ешқандай қорқыныш болған жоқ. Себебі үлкен жауапкершілікті сезіндім. Бір шетінен неге маған берілген тапсырманы басқа адам жасау керек деп ойладым. Негізі әр актёрдің өз каскадері болады. Актёр жасай алмайтын трюктерді, сәттерді жасауға каскадерлер дайын тұрады. Дәл сондай киіммен, дәл сондай шаш үлгісімен, гриммен. Ал мен ойладым, мен істей аламын ғой, егер істей алмасам бір жөн бастартатын. Барлық күш-жігер, ынтамды салып, барлық трюктерді ешқандай қорқынышсыз орындап шықтым.
- Өмірде өте нәзіксіз, ал фильмдегі жаужүрек қыздың рөлін сомдайсыз. Фильмдегі Томирис пен өмірдегі Салтанаттың ұқсастығы бар ма?
Фильмде Томирис жақындарынан ерте айырылады. Маған өтетін жасөспірім кезеңде әкесінен айырылады. Сол сәт Томирис екеумізде ұқсайды. Менің де әкем осыдан 13 жыл бұрын дүниеден өткен. Сол сәтте рөлге кіру қиын болған жоқ. Мен сол сезімді өзімнің денемнен өткізіп, сезініп ойнап шықтым. Ситуациямыз ұқсайды. Тағы бір ұқсастығымыз Томиристің мінезі өте қайсар, адал, әділ. Мүмкін сол жағынан ұқсас шығармыз.
- Ал фильмге дейінгі Салтанат пен кейінгі Салтанаттың айырмашылығы бар ма?
- Мінезім сол қалпы қалды. Тек қана жанкүйерлер саны көбейді. Фильмге дейін кішігірім болса, қазір менің жанкүйерлерімнің саны артты. Кішкентай бүлдіршіндер, жасөспірімдер, азаматтар мен азаматшалар өздерінің жақсы лебіздерін білдіріп жатады. Фильмнің шынайы болғандығын жүректен жүрекке жеткенін айтып, ыстық лебіздерін білдіріп жатады. Адамдардың көзқарасы, Салтанаттың атмосферасы өзгерді.
- Болашақта қандай рөлді сомдағыңыз келеді?
- Негізі менің кумирім - Джеки Чан. Барлық балалардың, адамдардың сүйікті актері деп ойлаймын. Мен боевик фильмдерді жақсы көремін. Болашақта тағы да осындай әртүрлі трюктерді жасайтын фильмдерде өзімді көргім келеді.
- Сіз балабақшада музыка пәнінің мұғалімі екенсіз. Ұстаз болудағы мақсатыңыз қандай?
- Мен 3-4 жыл бұрын кішкентай балалардан алшақтау болатынмын. Менен кейін сіңілім бар. Арамыз екі жас. Одан кейін бала жоқ. Үйде кішкентай баланың дауысы естілмегелі ұзақ уақыт болды.Сондықтан мен, ертең болашақта ана болған кезде өз баламмен қалай тіл табысамын деп ойлайтынмын. Балабақшаға барып, балалармен жұмыс жасап көремін деген ой пайда болды. Әрі музыка саласында жұмыс жасап жүрмін. Мен өзім 3 жасымнан бастап өнермен таныспын. Мүмкін менде балабақшадағы бүлдіршіндердің жолын аша аламын деген үміт пайда болды.Осы оймен келдім. Балалар сондай тәп-тәтті. Маған балалармен жұмыс жасаған ұнайды. Болашақта өз балаларыммен тіл табыса аламын деген ойдамын.
- Инста парақшаңызда оқырмандарыңызға сұрақ қойған екенсіз. «Әр ғасырдың өз тарихы бар. ХХІ ғасыр тарихы қандай болар екен?» деп, осы сұраққа өзіңіз қалай жауап бересіз?
- Негізі бұл салмақты сұрақ. Әрбір адамның жасап жатқан ісі тарихта қалады. Әр адамның өз тарихы болады. Тарихымыз жарқын болсын десек, соған сай шынайы адал істер жасасақ тарихымыздың мәңгілік болатынына сенемін! Біздің ата-бабамыз бастарын қатерге тігіп, бізге тәуелсіздікті алып берді. Солардың арқасында осындай егеменді мемлекетте тұрып жатырмыз. Сондықтан әрбір адам адал істер жасап, еліне өз үлесін қосса деймін.
Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан: Ажар Айбекқызы