Weekend
Жастар жылы
Республикалық маңызға ие Шымкент қаласы қазіргі уақытта жастары көп аймақ болып отыр. Халқы 1 миллионнан асып жығылатын қаланың 265 мыңға жуығы – жастар. Сондықтан мұнша жасты жұмыспен қамту Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығының өзекті мәселесі болып отыр.
Қазір Шымкенттегі жастар ісіне қатысты бірқатар мәселенің шешімін табуы барысында өзекті де қажетті жобалар іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, "Мен кәсіпкер боламын", IT CAMP және Professional жобалары іске қосылған.
- Жастар ресурстық орталығы Елбасының стартапты қолдау қорын құру тапсырмасына сәйкес, "Атамекен" кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп "Мен кәсіпкер боламын" жобасын қолға алды. Оның аясында жастарды кәсіпкерлікке баулу мақсатында бір айлық оқыту курстары жүргізілуде. Жастарға аталмыш жобаның аясында 1 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі. Одан бөлек, IT CAMP жобалары ұйымдастырылуда. Бұл жобаға қатысқан жастан компьютерде жұмыс жасаудың техникалары мен дағдыларын үйретеді, жетілдіреді. Жоба арқылы 200 жасты IOS, Android, Java, C++ жобалары арқылы жастарға базалық білім беріліп үздіктерді анықтайтын боламыз. Ең бастысы олар алған практикалық дағдылары мен білімдерін пайдалана отырып кәсіби деңгейде жұмыс істей алатын болады, - дейді Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығының "Қоғаммен байланыс және ақпараттық талдау бөлімінің" басшысы Бижан Сәдібеков.
Сондай-ақ, осыған ұқсас тағы бір жоба – бұл Professional жобасы. Бұл да жастарды кәсіпкерлікке баулу мақсатында қолға алынған жоба.
- Жобаның мақсаты – жоғары оқу орындарымен бірлесіп, бітіруші курс студенттеріне, қаламыздың ТОП-100 компаниясында тағылымдама ұйымдастыру. Қаламызда орналасқан жұмыс орындарында менторлық институтты қалыптастыру. Жоба аясында 1 мыңға жуық жас тағылымдамадан өтіп, кәсіби біліктілігін арттырады. Жұмысқа орналасуына жағдай жасайды. Мектеп жастарына мамандық таңдау бағытында консультациялар мен өндіріс орындарына экскурсиялар ұйымдастырылуда, - дейді Бижан Сәдібеков.