Weekend
Алматылық режиссермен театр режиссурасы туралы
Меңгерген мамандығыңыз театр және кино актері. Бүгінде театрдағы режиссурамен қоса ұстаздықпен айналысудасыз. Қай мамандық ерекше ұнайд? Қайсысын жаныңызға жақын қабылдайсыз?
Өзім қазіргі таңда ұстаздыққа көп көңіл бөліп жүрмін. Жүрегіме жақын мамандық – ұстаздық. Актерлік пен режиссура ұстаздығыма көмекші құрал ретінде жүреді. Театр – менің шеберханам. Театрда барлық тәжірибені өзімнің бойымнан өткізіп көремін. Егер ол жақсы нәрсе болса, оны шәкірттеріме беремін.
Актер, режиссер, ұстаз болудағы негізгі мақсатыңыз қандай?
Ұстаздық – жас буынға дұрыс тәрбие беру. Театр да тура сондай. Ұстаздық та, театр да адамға сұрақ қоя біледі. Сонымен қатар театр, қойылым адамға бағыт бере алады. Осы қойған сұрағымызбен адамның ойына кішкене болсын қозғау жасай алсақ, ол біздің жетістігіміз болмақ.
«Мамандықтардың ішіндегі ұлысы – ұстаздық» депсіз. Мектептегі, академиядағы емес, өмірлік ұстазыңыз кім?
Менің нақты кумирім болмапты. Өз-өзімді ылғи қамшылап, сынап отырамын. Жанымда «былай істе» деп айтатын адамым жоқ. Өзімді жалғыз жолаушыға теңеймін. Өнер жолында бағыт берген ұстаздарым бар. Олар маған өнердің дәнегін септі. Мен оны әрі қарай дамытып, өнім ала алдым.
Тырнақалды рөлдеріңізді Н.Жантөрин театры сахнасында сомдапсыз. Сол театр мен Ғ.Мүсірепов театрының ерекшеліктерін айта кетсеңіз.
Ақтаудағы Н.Жантөрин театры мені актер ретінде қалыптастырды. Ол саханадан көп тәжірибе алдым. Ал Алматыдағы Ғ.Мүсірепов театрына мен зерттеуші ретінде келемін. Өйткені мен ұстазбын. Әрбір элементті зерттеп жүремін. Екі театрдың да мен үшін орындары ерекше.
Шәкірттеріңіге өз тәжірибеңіз бен бар білетініңзді үйретудесіз. Шәкірттеріңізден не ала аласыз?
Адамға үйретіп жүріп, үйренуге болады. Кейде сен істей алмайтын нәрселерді солар істеп жатады. Олардың әрбір әрекеті – маған азық. Ол азық кейін маған сахнада көмектесуі мүмкін. Диалог пен қарым-қатынас бар жерде, міндетті түрде алмасу болады. Ақпарат алмасу, энергия алмасу болсын. Мәселе сол алмасуды сенің қабылдауыңда. Жастармен жұмыс жасағанның тағы бір пайдасы, ол – энергетика. Жастар энергияға толы және ылғи ұмтылыста болады. Жастарда өмірге деген ерекше құлшыныс пен алдағы күннен күтетін үміт бар. Бір сөзбен айтқанда, шәкірттерім мені шабыттандырады.
Әңгімеңізге рақмет!