Weekend
Тарихи орындар
Тәуелсіздік монументі
Тәуелсіздік монументі – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің бес жылдығына орай Алматы қаласында салынған сәулет және мүсін өнері ескерткіші. Республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізілген.
1996 жылы Алматыдағы Республика алаңында Қазақстан тәуелсіздігінің бес жыл толуы құрметіне биік обелиск түрінде тұрғызылған монументті құрылыстың авторлары: архитектор Ш.Уәлиханов, мүсіншілері Н.Далбай, Ә.Жұмабаев сәулетшілері Қ.Жарылғапов, Қ.Монтақаев, т.б. бас конструкторы С.П. Каламкаров. Тәуелсіздік монументі сол жылы 16 желтоқсанда ашылды. Ескерткіштің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев пен Түркия президенті С. Демирель қатысты.
Қазақтың қолданбалы өнерінен тамыр тартқан тәуелсіздік монументінің негізгі ортасында композициясы ұлттық өрнекпен көмкерілген текшелі діңгек тастан құралып, оның биіктігі 28 м-ге жетеді. Көк аспанға қарай шаншыла бой көтерген орталық діңгектің ұшар басы қауызы ашылмаған қызғалдақ тәрізді жұмырланып мүсінделген әрі оған Қазақстанның елтаңбасы ойылып түсірілген. Оның үстіңгі жағындағы қоладан құйылған қанатты барыстың үстінде оң қолында қыран құсы, сол қолында садағы, белінде қанжары мен асынып алған қорамсағындағы сауыт, бұзар алтынға малынған жебелері бар дулығалы жас сарбаздың құрыштай мығым бітім-тұлғасы (биіктігі 6 м, ал салмағы 4 т) аса айбарлы кейіппен, тәуелсіздік монументінің беріктігі мен ауқымдылығын айқын аңғартады.
Тәуелсіздік монументінің екі қапталын айнала қазақ халқының тарихи өткен өмір белестерінен сыр шертетін шағын архитектор-мүсіндемелік бедерлі бейнелер, яғни сонау сақтар дәуірінен тәуелсіздіктің жариялануына дейінгі тарихи кезеңдерді: Томирис заманынан бастап әл-Фараби, қазақ хандығының құрылуы, Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама, жоңғар шапқыншылығына қарсы күрес, қазақ пен орыс халқы арасындағы байланыстар, ұлт-азаттық қозғалыстары, 2-дүниежүзілік соғыс, Желтоқсан көтерілісі мен Тәуелсіздіктің жариялануын көрсететін ұтымды шешім тапқан көрініс-суреттер орналасып әрі олар бір-бірімен жымдаса жалғасып, көркем жарасым тапқан.
Діңгектің төрт жағында орналасқан төрт мүсіндік бейне де тәуелсіздік монументінің архитекторлық және мүсіндік шешімін дәл тапқандығымен ерекшеленеді. Дала данасы ақылгөй абыз ата мен жүрегі мейірімге толы ақ жаулықты Жер-ана және олардың алдыңғы жағындағы құлыншаққа мінген бала мен қыздың бейнесі ескерткіштің сәулетті символик. мазмұн-сипатын ашумен қатар, ұлттық рухы мен сыр-сымбатын айқындап асқақтата түседі. Ол 20 ғасырдың соңына қарай ұлттық сәулет өнері тарихында өз орны бар мүсіндік және сәулетшілік ой шығармашылығы тоғыстығынан туған озық архитектор жәдігерлерінің біріне айналды.
Жиырма сегіз гвардияшы Панфиловшылар ескерткіші
Жиырма сегіз гвардияшы Панфиловшылар — Ұлы Отан соғысы жылдарында Мәскеуді ерлікпен қорғаған қазақстандық жауынгерлер. 1941 жылы 15 қарашада Германия әскерлері 51 дивизиямен Мәскеуге екінші “негізгі шешуші шабуылды” бастады. Батыс майдан жауынгерлері ауыр ұрыстар жүргізді. Осы майданға кіретін 16-армияның құрамында Алматыда жасақталған генерал-майор И.В.Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы (кейіннен 8-гвардиялық-панфиловшылар дивизиясы) Мәскеу түбіндегі Волоколам тас жолын қорғады. 16-қарашада жау Волоколам бағытында ұрысқа шығып, Дубосеково разъезіндегі 1075-атқыштар полкі 4-ротасының 2-взводы тұрған бекініс шебіне шабуыл жасады. Ротаның саяси жетекшісі В. Г. Клочков басқарған взвод жауынгерлері — барлығы 28 адам мылтықпен, жанармай құйылған шөлмектермен, гранаталармен қаруланып, жаудың 20 танкісімен 4 сағатқа созылған ұрыс жүргізді. Жаудың 14 танкісі қиратылып, панфиловшылар арасынан да бірнеше адам қаза тапты. Жау ұрысқа тағы 30 танк шығарды. Қазақстандық жауынгерлер соғыс тарихында сирек кездесетін ерлік жасап, жаудың болат құрсанған машиналарына төтеп берді. 28 панфиловшылардың 23-і қазаға ұшырады, бірақ жау танкілері олардың шебінен өте алмады.
The Beatles ескерткіші
Алматыдағы Көктөбеде орналасқан The Beatles тобына арналған ескерткіш осыдан 12 жыл бұрын ашылған. Битлз ескерткіші Көк-Төбе тауында, қала саябағында орналасқан. Ескерткіш 2007 жылы «Сеймар» қайырымдылық қорының қаражатымен салынған.
Тарас Шевченконың бюсті
Ескерткіш белгілі украин ақыны Тарас Шевченконың құрметіне тұрғызылды. 1847 - 1857 жылдары Т.Шевченко «Арман» сатиралық шығармасы және Кирилл мен Мефодий қоғамымен байланысы үшін Батыс Қазақстанға жер аударылды.