Bugin
Көрме сталиндік зобалаңның құрбандары Ілияс Жансүгіровтің, Сәкен Сейфуллин мен Бейімбет Майлиннің 125 жылдық мерейтойына арналады
Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында Мемлекеттік орталық музейдің Қазақстан тарихын зерттеу орталығы өкілдерінің қатысуымен өткен брифингіде айтылды. 2019 жылдың 9 желтоқсанында Орталық музейде қазақ халқының Үш бәйтерегі, сталиндік зобалаңның құрбандары, қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіровтің, жазушы, дарынды драматург Сәкен Сейфуллин мен ауызша әңгіменің хас шебері, сатирик-жазушы Бейімбет Майлиннің туғанына 125 жыл толуына орай "Құрбан болған тұлғалар " көрмесі ашылады.
Көрменің мақсаты - 30-40 жылдары құрбан болған зиялы қауымның азаматтық тұлғасын таныстыру, өзге де дара тұстарын өскелең ұрпаққа насихаттау.
Көрмеге Орталық музей қорындағы Ілияс Жансүгіровтің, Сәкен Сейфуллин мен Бейімбет Майлиннің жеке заттары, қоғам қайраткерлерінің замандастары Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановқа қатысты мұрағаттан алынған материалдар қойылады. Келушілер назарына сол жылдардағы зиялы қауымның жұмыс кабинетінің көрінісі мен Сәкен Сейфуллиннің жеке мөрі, алтын сағаты, портсигары, сакваяжы және тағы басқа заттары ұсынылады, - деді Қазақстан тарихын зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Гүлсара Жапақова.
Тарихи деректерге сүйенсек, 1930-1953 жылдары 40 миллионнан астам Кеңес азаматтары репрессияға ұшыраған. Осы кезеңде қазақ халқының 40%-і қаза тапқан. Әсіресе, бұл заңсыз жазалауға Кеңес Одағы құрамында болған ұлттардың беткеұстар зиялы қауым өкілдері ұшыраған.