Саясат

Бүгін «Алаш» автономиясының құрылған күні

Алаш Орда

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com


1917 жылы желтоқсаның 13-і күні Орынборда Екінші жалпықазақ съезі аяқталып, "Алаш" автономиясын жариялау туралы қаулы қабылданды. 

Одан екі апта бұрын Түркістан автономиясы жарияланған болатын. Бір жылдан кейін Қазақстанның Батыс өңірінде "Ойыл уәлаятының уақытша үкіметі" құрылып, ол кейіннен "Батыс Алашордаға" айналды. Қазақ оқығандарының бірер жылда бірнеше үкімет құруын тарихшылар "жағдайға қарай әрекет ету" деп бағалайды.

Түркістан автономиясы жарияланғаннан кейін екі апта өтпей, желтоқсанның 5-і күні Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ оқығандары Орынбор қаласында Екінші жалпықазақ съезін өткізді.

Желтоқсанның 13-і күні аяқталған съезде "Руссия мемлекетінде халыққа сенімді және беделді үкіметтің жоқтығын... және бұл бүлікшілік біздің қазақ-қырғыздың басына келуін мүмкін деп ойлап" съезд "қазақ-қырғыз билігін қолына алатынын" жариялады.

Съезде Уақытша ұлт кеңесі құрылып, оны "Алашорда" деп атады. Орталығын Семей қаласы етіп бекітті. "Алашорда" үкіметі құрылғанымен, Алаш автономиясын жариялау мәселесіне келгенде съезд делегаттары екіге жарылды. Әлихан Бөкейхан "қолында қаруы, күші жоқ қазақ өзге де жағдайлармен санасуы, қазақ жерінде тұратын орыстардың еркін ескеруі тиіс" десе, Халел Досмұхамедов бастаған топ "автономияны дереу жариялауды" ұсынды.

Соңында екі жақ келісімге келіп, Түркістан қазағын қосып алып автономия жариялауға бір ай мерзім белгіледі. Бір ай ішінде "қосылу ісі жүрмесе де", автономия жарияланатын болып шешілді.

Осы үшін 1918 жылы қаңтардың 5-і күні шақырылған Сырдария съезіне "бірігу мәселесін қозғау үшін" үш өкіл жіберілді. Осылайша "Алаш" автономиясын жариялау мәселесі Түркістан автономиясының құрамындағы қазақтардың шешіміне тірелді.

Дереккөз: Азаттық радиосы