Саясат

Өңірдегі педагог мәртебесі: Әжетхана кезекшілігіндегі мұғалім және полиция өктемдігі

Тексеріс

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Кеше, желтоқсанның 13-і Түркістан қаласының М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназиясында жергілікті полицей мен мұғалім арасында кикілжің туып, мұғалімді көпшіліктің көзінше арнайы нарядпен алып кеткен. Аталған оқиға әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын туғызып, өңірдегі жауапты мекемелерді аяғынан тік тұрғызды.


Әлеуметтік желіде мектеп директорының міндетін атқарушы К.Әбдіқадырованың қалалық білім бөлімінің басшысы А.Батырбековаға жазған "жағдай барысы туралы мәліметі" тарады. Ашық дереккөздерге сүйенсек, білім ордасының оқушылар әжетханасы түзде орналасқан. Онда мұғалімдерге арнайы кесте бойынша кезекшілік етуі міндеттелген. Кеше күндіз сағат 10:25-тер шамасында Түркістан қаласының ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Данияр Мейірхан бастаған бір топ полицей мектеп ауласында орналасқан әжетхананың кезекшілігін тексеруге келген. Сол кезде 30 жылдан астам еңбек өтілі бар, жоғары санатты дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бахыт Каукенов Манасұлы үзілісте кезекшілікте болып, аяғынан су өткен соң ішке кірген көрінеді. Әжетхана маңында кезекшілікте тұрмауының себебін сұраған подполковник Данияр Мейірханға ұстаз аяқ киімін ауыстыруға кіргенін айтқан. Бірақ полиция өкілінің "әдептілікке жат" дөрекі сұрақтарына мұғалім де тиісінше жауап берген деседі. Ақыр аяғында Бахыт Манасұлының жеке куәлігін тартып алып, әріптестері мен оқушылардың көзінше қолын қайырып алып кеткен. Интернетте мектеп ұжымының ара түсуіне қарамастан күштеп алып кетіп жатқан оқиғаның бейнежазбалары тарады.

№15 мектеп директорының білім бөліміне жолдаған "мәліметі" әлеуметтік желіде тарады. Түркістан. 13 желтоқсан 2019 жыл. Фото: Facebook

Мектеп директорының әкімдікке жолдаған мәліметіне қарағанда, "кикілжің көше бойында да жалғасқан, оған жол бойындағы мектеп оқушылары мен өзге ұстаздар куә болған". Сондай-ақ ішкі "әжетхана қасынан уақытша кеткен" ұстаз істер бөліміне жеткізілген соң, хаттама толтырып, 12 мың теңге көлемінде айыппұл салған.

Әлеуметтік желіде аз уақыттың ішінде үлкен дауға айналған оқиғаға қоғам белсенділері "туалет кезекшілігін мұғалім мойнына артып қойған жауапты тұлғалар төменнен жоғарыға дейін жауапқа тартылуы керек" деп талап етіп жатыр. Жергілікті "Бекет" газетінің бас редакторы Сафуан Өтебаев өзінің facebook парағында "ұстаздарды сабыр сақтауға шақырып, мерекеден соң шындыққа көз жеткізіп, ақпарат тарататынын айтып" дүрлікпеуге шақырды.

Әкім-қаралар жиі бас сұғатын оқу мекемесінің әжетханасы әлі күнге дейін оң шешім таппай келеді. Аймақта балалар дәретханасы ғимарат ішінде орналасқан оқу орындары көп емес.

Бүгін ертеңгілік Түркістан облысының білім басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев "полиция қызметкерлерінің рұқсатсыз рейд жүргізгенін" және бұған басқарма "жариялы түрде кешірім сұрайтынын", жауаптыларға "тиісті шара қолданылатынын" жеткізді. Кешегі жағдайдан кейін тәжірибелі ұстаз Бахыт Манасұлының қан қысымы көтеріліп жедел жәрдем көмегіне жүгінген. Жолаев мұғалімнің "полиция қызметкерінің заңсыз әрекетіне прокуратураға шағым түсіргенін" хабарлаған. Бірақ "беделіне нұқсан" келген ұстаздың туыстары мен әріптестері облыстық білім басқарамасы бастығының сөзімен келіспейді. Олардың сөзінше, қан қысымы 200-ден асып, ауруханаға жатқызылған Бахыт Манасұлы ешқандай шағым жазбаған, оған мұршасы да жетпей отыр.

Білім басқармасының бастығы Рахымбек Жолайдың жазбасы. Түркістан. 13 желтоқсан 2019 жыл. Фото: facebook парағынан скриншот-қиынды

Бұған дейін, 12 желтоқсан Түркістан қаласының полиция департаментінің бастығы Данияр Мейірхан "мектепте жабық тұрған әжетхана болғанымен, балалар далаға жүгіруге мәжбүр" екенін айтып, ескертусіз рейдке шығатынын жазған еді. Жазбасын "мектеп инспекторларының жұмысын тексеруді шештім" деп бастап, соңында жағдайдың байыбына бармай жатып қоғамдық ортада қолын қайырып әкетуін беделді ұстаздар "полиция өзінің дөрекілігін білмей, өзгенің мінін жіпке тізгіш" деп сынауда.

Қарашаның ортасында Тараз мектептерінің біріндегі аулада орналасқан дәретханада 7 сынып оқушысына 38 жастағы ер адам зорлық көрсеткені қоғамды резонанс тудырған болатын. Сабақ кезінде сұранып шыққан қыз бала ұшырасқан таргедиялық жағдайа қатысты президент Тоқаев мәлімдеме жасап, жауапты лазымды қызметкерлер мен қала әкімі Қайрат Досаевты қызметінен босатқан еді. Содан кейін ел мектептері бақылауды "өзінше күшейтіп", оны мектеп инспекторлары не учаскелік полицейлерге емес, мұғалімдердің мойнына артып қойған.

Биыл Қазақстан парламенті «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын қабылдап жатқан тұста күштік құрылымдар мен жергілікті басқару органдары мұғалімді "қолбала" ретінде санап, әкімшілік қызметтерге жегуін тыймай келеді.