Weekend
Мәдениет
Шымкенттегі «Отырар» кітапханасында ғалым, профессор, педагогика ғылымдарының докторы, қазақ спортының майталманы Мардан Сапарбаевқа арналған туындының тұсауы кесілді. Кітабының аты – «Өнегелі өмір».
Оған зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының қызметкерлері және оқытушылар құрамы қатысты. Кітапта өресі биік өр тұлғаның елі үшін жасаған еңбектері мен естеліктер жазылған.
Жиында халқына адал қызмет етуді өмірлік ұстанымы деп білген қайраткер туралы «Өнегелі өмір» кітабы таныстырылды. Мардан Баймырзаұлының есімі халыққа спорт саласындағы үздік жаттықтырушы ретінде танымал. Ғылым мен спортты ұштастыра білген азамат кезінде грек-рим күресінен КСРО спорт шебері атанса, одан кейін көптеген мықты шәкірт тәрбиеледі. Басшылық қызмет атқарған жылдары ол Оңтүстік өңірі спортын дамытуға орасан зор еңбек сіңірді. Сапарбаев түлеткен талай спортшы әлем чемпионатында үздік атанған.
Бүгінде Сапарбаев атында Сайрам ауданында мектеп, ал Шымкент қаласында институт бар. Аталмыш оқу ордалары өңіріміздің білім саласына айтулы үлес қосып келеді. Қысқа ғұмырын ел игілігіне арнап, халық ықыласына бөленген ердің есімі ұмытылмасы анық.