Саясат
Алматы қаласы
Пәтер алуға бірінші пул бойынша барлығы 1244 өтініш келіп түсті. Соның ішінде балдық жүйеге сәйкес 249 үміткердің тізімі жасалды. Олардың ішінде көп балалы отбасылар, білім беру, денсаулық сақтау қызметкерлері және құқық қорғау органдарының қызметкерлері бар.
Алматы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, пәтер алу үшін Алматы әкімдігімен өтініштерді қабылдайтын арнайы almaty-jastary.kz сайты әзірленді. Бірінші пул бойынша Алатау ауданындағы Көкқайнар ықшамауданындағы 249 пәтерге өтінімдерді қабылдау 30 қазан мен 12 қараша аралығында өтті. Жыл соңына дейін тағы 801 пәтерге конкурс жарияланады. Сөйтіп, 1050 жас отбасын жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Бұл бағдарлама 5 жылға жеңілдетілген бағамен жалға алуға және мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үшін қаражат салуға мүмкіндік береді. Бірбөлмелі пәтерді ай сайынғы жалдау ақысы - 4380 теңге.