Weekend
Проза
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com...Шырр, шырр, шыыррр. Құрып кеткір құлақ тесер шайтан дауысты дабылдан әдеттегіше көзімді тырнап аштым. Тұтастай қымтап жапқан көрпемнен басымды шығара беріп едім салқын ауа лап берді. Денем тітіркеніп, басымды жылы көрпеге қайта тықтым. Тықырлатып жүріп Әсия шам жақты. Жатақханада жарықтың өшкеніне екі күннен асқан. Арсыз ұйқымды амалсыздан қиып төсектен тұрдым. Таңғы бестер шамасы екен.
Міне, біз студенттік демалысқа шыққалы осылай таң атпастан оянғаннан кешкі ай жарығымен үйге (жатақханаға) қайтып жүрміз. Желтоқсанның өкпе тесер ызғарында ұл-қыз демей қар күреп, жол ашамыз. Күнделікті берілетін екі мезгіл су татыған ботқа мен бір тілім қара нанды талғажау етеміз. Бір қарағанда мамық мақтадай жеп-жеңіл көрінетін ақ ұлпаны темір күрекке салып лақтыру... Қытымыр аязда қорбаңдаған зілдей күпәйкімен әзер көтеретін иығымызбен қара терге түсіп қар күреп жүрміз.
Әбден қалжырап екі аяғымызбен сүйретіліп таңертең дірдектеп шыққан жатақханамызға асығып келеміз. Мына азынаған аязды даладан (үйдің аты үй ғой) үрлесең ауыздан бу шықса да сол жатақхана қазір бізге сондай жылы. Ұясына асыққан балапандардай бұлғаңдап келеміз. Кірген бетте біразға дейін тыныштықты тек пысылдаған танау, күркіреген көк жөтел, ыңқыл-сыңқыл ғана арагідік бұзып тұрды. Біраз жылынып жан шақырғаннан кейін өмірге қайта келгендей болдық. Тіпті, бүгінгідей азаптың ертең тағы қайталанатыны да ұмытылып кеткендей. Әдеттегі дағдысы бойынша демін ішіне терееең тартып Жәмилә сөз бастады:
- Қызда-а-ар, қыздар сендер естідіңдер ме? Біздің қазақтан Шерхан Мұртаза, Мұхтар Шаханов деген кісілер бас көтеріп жастарға жалынды үндеу тастап жүр екен.
- Тәйт әрі, сенде бір айтпайтынды айтып... деп тұтығып, біреулер естісе не болатынын білесіңдер ғой, - деп Айсұлу жан-жағына алақтап қарап алып сөздерін сыбырлап аяқтады.
Ееее, құрғыр. "Қолға кісен салына да, тілге кісен салынбас" демеуші ме еді?! Тілімізге темір кісен салмаса да тікен қадап қан шығарарын қайтерсің бұлардың. Әттең. Тәуелдіміз. Тәуелді. Тәу-ел-ді.
Сұм түркілердің талапайына қашанғы төзе бермекпіз? Тазы болып аулар күн қашан туар екен... Осындай ұшы-қиыры жоқ санамда сырғалаған ойлар сан жаққа тартқылап жатқанда кенет жарық жанды. Жарық өшкенде теледидар қосулы қалған екен. Бірінші арнада (еуразия) бәлсініп бір дөкей орысша (өз тілінде) зарлап отыр екен. Кенет, бір сөйлем. Иә, бір сөйлем. О тоба, не дейді мына кәпір? Жанымдағыларға қарасам бәрінің түрлері бірінен өткен өрт сөндіргендей. өзегіміз қанша талып бара жатса да, жылт етер деп бір сенім серпіп болашаққа үміт артып жүр едік-ау. Дінімізбен ділімізден айырып енді жалғыз тірегіміз тілімізді жоямыз дейді! Өз жерімізде, өз тілімізде сөйлеуге тыйым салмақшы! О Алла! Бұл деген... Бұ-ббұл не сұм-дық?! Сұмдық! Сұмдық! Сұмдық...
Тамағыма тастай тірелген өксіктен булығып, бар күшіммен екі көзімді ашпақшы болдым. Ашылмады. Құдды кірпіктеріме мұз қатып, денеме қорғасын құйып қойғандай. Бұлқынып жатып әзер дегенде сығырайтып көзімді аштым. Терезеден түскен өткір күн сәулесі көзіме шағылысып тұр. Кірпіктерім әжептәуір шыланып, денем қара терге малыныпты. Жалма-жан атып тұрып жан-жағыма көз сүзіп өттім. Уф, шүкір! Шүкір! Тәубә! Түсім екен ғой! Бастырылып қалсам керек. Сағат 12-ні көрсетіп тұр. Өңімдей болған түсіме әлі де сенбей есеңгіреп диванда жатқан пультті алып теледидарды қостым. Қазақстан ұлттық телеарнасында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұғыры биік Тәуелсіздігімізге 28 жыл толуымен құттықтау сөз сөйлеп жатыр екен. Осы жаңалықты енді ғана хабардар болғандай бір сәт таңырқап, Тәуелсіз. Тәуелсіз! Иә, Тәуелсіз. Біз тәуелсіз елміз! Урааа! Алақааай! Біз Тәуелсізбіз! Қуанғаннан жан ұшыра айқайлап, қуаныштан көз жасым еріксіз парлап аға берді. Менің айқайымнан есі шыққан анам ас үйден қолындағы ожауымен аласұрып жетіп келіп "Бісміллә" деп таңдайын басты.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61