Саясат
Қаза тапқандар саны қанша?
Желтоқсан оқиғасы қазақ жастарының рухы биік, өршіл екенін КСРО кеңістігіне анық дәлелдеді. Аяусыз жаншылып, күшпен басылған қанды қырғыннан қанша жастың қаза тапқаны нақты белгісіз. Ресми дерек бар болғаны оқиға барысында 3 адам алаңда өлтірілген дегенді көрсетеді. Ал қазақ тарихшылары мен оқиға куәгерлері, желтоқсаншылар қаза болғандардың саны жүзден асады, тіпты мыңға жетеді дегенді алға тартады. Мысалы Желтоқсанның қаһармандары Қайрат, Сабира, Ләззат пен Ербол есімі ел есінде болғанымен, тасада аты белгісіз қанша боздақ өз ашылуын күтіп жатыр?!
Қазақ тілді Уикипедияда көтеріліс барысында 200 адам қаза тапты деп көрсетілген. Алайда Уикипедия бұл ақпаратты қай жерден алғандығын көрсетпеген. Тарихшы М.Қозыбаев болса 168 адам қаза тапқан, оның 155-жастар болса, 13 қаза табушы көтерлісті аяусыз басқан жендеттер деп көрсетеді. Америка-Хельсинки тобының зерттеуі бойынша Желтоқсанда қаза тапқандар саны 200 адамнан асады, наразылық білдірген жастардың саны 10 мың болса, оларды басуға келген әскердің саны 40 мың адам болған дейді. Оқиғаға тікелей қатысушы Сейіт Қалиев 17-желтоқсан күні жастарды ұрып, соға бастаған сәттің өзінде алаңда елуге тарта жастың өлтірілгенін айтады. Осылайша бұл қасіретті оқиға барысында қанша адамның қаза тапқаны нақты белгілі емес болып отыр. Мұрағаттарды ашу әлі мүмкін емес. Алайда 1986 жылғы желтоқсан айында Қазақ ССР-нің Алматы қаласындағы ІІМ мәліметі бойынша жоғалғандар саны көп болғанын ескерсек, қаза тапқандар саны да бірнеше есе көп екені анық.