Саясат

Көші-қон. Тәуелсіздік. Қанша оралман елге оралды?

Тәуелсіздік алғалы елге келген оралмандар

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Биылдың өзінде 6 мыңнан астам отбасы елге оралды.

Бір кездері қиын заманның қыстауына ұшырап жер жүзіне шашырап кеткен қандастарымыз Тәуелсіздік алғалы елге орала бастады. Ол үшін арнайы заң қабылданып, «Оралман» деген статус берілді. 28 жылдың ішінде миллиондаған қазақтар туған жеріне оралып, ата кәсібін жалғастыруда. Президент «оралман» сөзінен бас тартып, «қандас» дегеніміз жөн болады деген пікір білдірді.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, 1991 жыл мен 2019 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 314 017 отбасы немесе 1 057 343 қандасымыз елге оралған. Олардың негізгі бөлігі Өзбекстаннан (61 пайыз) келген. Одан бөлек, 13,2 пайыз – ҚХР, 11,3 пайыз – Моңғолия, 7 пайыз – Түркіменстан, 3,7 – Ресей және 3,8 пайыз басқа елдерден. Елге келген қандастарымыздың орналасуына келсек, Түркістан облысы – 21,2 пайыз, Алматы облысы – 17,6 пайыз, Маңғыстау облысы – 12,9 пайыз және Жамбыл облысы – 9,2 пайыз. Қазақстанға келген оралмандардың 56,4 пайызы еңбекке жарамды, кәмелет жасына толмағандар – 38,8 пайызды құрайды, 4,8 пайыз ол зейнеткерлер екенін де министр айтып өтті. 

Осы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша елге 6678 отбасы келіп, оралман мәртебесін алды. Бұл – 11 185 этникалық қазақ.

Министрдің айтуына қарағанда, биыл келген оралмандардың 31,4 пайызы – Алматы облысына, 15,4 пайызы – Маңғыстау облысына, 7,8 пайызы – Шымкент қаласына және 6,7 пайызы Нұр-Сұлтан қаласына орналасқан. 2019 жылы елге оралған қандастарымыздың 17,4 пайызының жоғары білімі, 26,2 пайызының орта арнаулы білімі және 46,3 пайызының орта білімі және 10,1 пайызының білімі жоқ.  

Министрлік берген мәліметке сүйенсек, биыл қандастарымызды елімізге қайтаруға 2031 квота бөлінген. Оның ішінде Ақмола облысы – 306, ШҚО – 250, Қостанай облысы – 815, Павлодар облысы – 550, СҚО – 110.

Қазақстандықтардың көбінесе кететін елдері Ресей, Германия және Беларусь елі. Ал Ішкі істер органдарының мәліметінше, осы жылдың 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстанға 5,6 млн адам кіріп, әлемнің 200 елінен 5,3 млн шетелдік азамат шығып кетті. Ішкі істер органдарында 1,2 млн, оның ішінде: ТМД елдерінен – 1,1 млн, алыс шетелдерден – 95 мың шетелдік тіркелген. 2 210 жұмыс берушіде 22 мыңға жуық өзге ел азаматы шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы бойынша еңбектенуде.

elorda.info